Астанада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бесінші отырысы өтті. Жиында жаңа Парламенттің негізгі мемлекеттік институттардың қызметін қамтамасыз етуге қатысты өкілеттіктері талқыланды. Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан азаматтардан, сарапшылардан және қоғам белсенділерінен келіп түскен ұсыныстар жөніндегі аралық ақпаратпен бөлісті. Оның айтуынша, e-Otinish және eGov платформаларындағы «Парламенттік реформа» арнайы бөлімінде 600-ге жуық ұсыныс жинақталған. Азаматтар белсенділік танытып, конституциялық реформаға қатысты да бастамаларын ұсынуда.
Наталья Пан, Парламентаризм институтының директоры:
-E-otinish сервисіне өткен жылдың қазан айынан бері халық арасынан, сарапшылар қауымдастығынан және қоғамдық бірлестіктерден көптеген ұсыныс келіп түсті. Атап айтқанда, «Байтақ» партиясы, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы, Республикалық адвокаттар алқасы, «TOQTAMYS» адвокаттық қауымдастығы, Халықаралық арбитраж және медиация палатасы, Парламентаризмді дамыту қоры, Қазақстандық татарлар мен башқұрттар конгресі, Экономикалық саясат институты, «Азаматтық бастама» бастамашылық тобы және басқа да ұйымдар өз ұсыныстарын білдірді. Бұған қоса құқықтанушы ғалымдар да өздерінің сарапшылық ұсынымдарын жолдап, белсенділік танытуда.
Жұмыс тобы жетекшісінің орынбасары – Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев Парламенттің Үкіметті, Конституциялық Сотты, Жоғары аудиторлық палатаны, Орталық сайлау комиссиясын және басқа да мемлекеттік органдарды қалыптастыруға қатысудағы конституциялық рәсімдерінің жалпы тәсілдері туралы айтты. Бұл тәсілдер Жұмыс тобы мүшелері мен саяси партиялардың ұсыныстары негізінде әзірленген. Жұмыс тобы мүшелері өз идеялар мен ұсыныстарын ортаға салды.
Ержан Жиенбаев, Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі:
-Біз заң шығарушылық қызметке қатысты мәселелерді жан-жақты қарап, талқыладық. Оның ішінде заңдарды дайындау және қабылдау процедуралары, оқылымдардың саны, сондай-ақ шешім қабылдау үшін қажетті дауыс үлесі сынды аспектілерді қарастырдық.
Жиын қорытындысы бойынша Жұмыс тобының жетекшісі – Мемлекеттік кеңесші конституциялық реформа бойынша түпкілікті тәсілдерді әзірлеу үшін келіп түскен ұсыныстардың барлығын жинақтап, жан-жақты зерделеуді тапсырды.