Президент биылғы жылды цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағаны белгілі. Осы орайда елімізде бірқатар жоба қолға алынбақ. Цифрлы активтер операциясын жүргізу үшін арнайы аймақ құрылып, криптонарықтың негізін қалыптастыру жоспарланған. Ал «жасанды интеллект» туралы заң жуырда күшіне енеді.
Қазақстан экономика мен қоғамдық өмірге жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беріп жатыр. Мемлекет көрсететін қызметтерді, қаржы технологияларын, экономиканың бірқатар секторын цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз бар. «Осы қарқыннан таймауымыз керек», - деді Мемлекет басшысы «Түркістан» газетіне берген сұхбатында.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Халқымыздың ой-санасы мұндай инновацияларға дайын екеніне сенімдімін. Оның үстіне, Қазақстанда азаматтарымыздың өмір салтын едәуір өзгерткен танымал финтех компаниялар табысты жұмыс істеп жатыр.
Жасанды интеллект пен ІТ-стартаптарға қолдау көрсететін компаниялар негізінен Астана хаб экожүйесінде орналасқан. Мұнда негізінен қазақстандық өнімдерді тек елде ғана емес, әлемдік деңгейде де тарату бағытында жұмыс істейді. Тек өткен жылы ІТ-қызметтердің жалпы экспорты бір миллиард долларға жуықтаған.
Ғиззат Байтұрсынов, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі цифрлық активтер және серпінді технологиялар комитетінің төрағасы:-Бүгінгі Астана хаб экожүйесіне 2 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Технопарк резиденттері салықтық және виза жеңілдетуге, сондай-ақ инфрақұрылымға қол жеткізуге, халықаралық нарыққа шығуға көмек көрсетеді. Қазіргі таңда «Астана хаб» экожүйесінде 20 өңірлік және 4 халықаралық хаб жұмыс істейді. Халықаралық хабтар арқылы 100-ден астам қазақстандық стартап шетелдік нарыққа шыққан болатын.
Еліміздің бұл бағыттағы әлеуеті де, мүмкіндігі де тәуір. Бүгінде Қазақстан электронды Үкіметті дамыту индексі бойынша 193 елдің арасында 24-ші орында. Ал қызметтерді онлайн көрсетуде әлемдегі үздік 10 елдің қатарына кіреді. Мәліметтерді талдау және есептеуге арналған екі суперкомпьютер іске қосылды. Енді цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында бірқатар маңызды жобалар іске асырылмақ.
Аңсар Амрин, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі басқармасының бас сарапшысы:-Цифрлы активтермен операцияларды жүргізуге арналған арнайы аймақ ретінде іске қосылатын CryptoCity жобасы пысықталуда. CryptoCity бұл жеке инвесторлардың толыққанды қатысуымен жүзеге асырылатын жоба ретінде әзірленуде. Алғашқы кезеңде заманауи төлем құралдары енгізіледі. Бұл криптокарталар және криптобиржалар құралдарын банк инфрақұрылымына интеграциялау. Кәсіби кадрларды даярлау үшін мектептер мен университеттерде тиісті білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Көп ұзамай Жасанды интеллект мамандандырылған зерттеу университеті ашылады.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Бауыржан Ебелеков