Үкімет басшысы Алматы облысындағы өндіріс қарқынымен танысты

  • 9
  • 15.01.2026, 21:36

Алматы облысына былтыр 1,3 трлн теңге инвестиция тартылып, жылдық өсім 29,4% ұлғайды. Экономиканың барлық саласы бойынша 72 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Оның 60 мыңға жуығы тұрақты жұмыс орны. Өңір - еліміздегі негізгі индустриялы-логистикалық орталықтардың бірі. Алматы облысына жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысы Олжас Бектенов бірқатар кәсіпорынды аралап, өндіріс қарқынымен танысты. 

Үкімет басшысы Президент белгілеген экономиканы әртараптандыру, өнеркәсіп өндірісі көлемін ұлғайту, терең өңдеу үлесін арттыру және экономиканың басым салаларына инвестиция тарту сынды инвестициялық және өнеркәсіптік жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Өйткені көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту өңірдің өңдеуші секторының өсімін ынталандыруда маңызды рөл атқарады. Қарасай ауданындағы логистикалық орталыққа алдағы уақытта 50 млрд теңге инвестиция тартылып, 1 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Еліміздің бұл өңірінде тамақ өндірісі маңызды роль атқарады. Мәселен, чипсы шығарумен айналысатын кәсіпорын Райымбек ауданындағы шаруашылықтардың бірімен келісімшарт жасасып, шикізат ретінде Нарынқолдың құнарлы топырағында өсірілген картопты қабылдай бастады.

Константин Федорчук, кәсіпорынның дайын өнімді жеткізу желісінің директоры:

- Біз биыл 14 мың тонна дайын өнім өндірмекшіміз. Ол үшін 50 мың тоннадай картоп дақылын өңдеуге тура келеді. Болашақта бұл көлемді 200 мың тоннаға дейін арттырамыз. Сонда жылдық қуаттылығымыз 70 мың тоннаға жетеді. Ол Қазақстанмен қоса, Орталық Азия елдерінің нарығын қамтуға мүмкіндік береді.

Ал тез дайындалатын тағам шығаратын компания жылдық қуаттылығын 160 мың тоннаға жеткізді. Өнімнің  20 мың тоннасы экспортқа шығады. Былтыр өндірісті жаңғыртуға 35 млрд теңге инвестиция құйылып, 700-ге жуық жұмыс орны ашылды. Қызметкерлердің 95% жергілікті тұрғын. Премьер-министр Мемлекет басшысы жүктеген міндеттемелердің орындалуын қадағалау мақсатында Алатау қаласында жүзеге асып жатқан инвестициялық жобалармен де танысты. Қаланы дамытудың бірінші кезеңінде жалпы құны 365,1 млрд теңгенің 21 жобасы жүзеге асады.

Рустам Исатаев, Алматы облысы әкімінің орынбасары:

-
Үкімет былтыр қараша айында Алатау қаласының инфрақұрылымын дамытуға арналған Жол картасын қабылдап, бекітіп берді. Сол келісім бойынша мұнда 46 ірі нысан салынуы тиіс. Ол өз кезегінде әлемдік нарықта тауарлары жоғары сұранысқа ие болған компанияларды Алатау арнайы экономикалық аймағына шоғырландыруға мүмкіндік береді.

Ол үшін инженерлік-инфрақұрылымды дамыту жұмыстары  қолға алынады. Алатау ситиді дамытудың екінші кезеңінде жалпы құны 312 млрд теңге болатын 9 жоба жүзеге асады. Ол электр және газ тарату станцияларының құрылысы мен газ және кәріз құбырларын тарту, сондай-ақ заманға сай автомобиль жолын салу жұмыстарын қамтиды. Алатауда қазірдің өзінде жалпы құны 1,5 трлн теңгені құрайтын 32 инвестициялық жоба жүзеге аса бастады. Соның 8-і логистика, 10 шақтысы өнеркәсіп пен тамақ өндірісін, қалғаны туризм салаларын қамтиды. Жобалар сәтті жүзеге асса 22 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады.

Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов