Алдағы саяси реформалар мен ірі инфрақұрылымдық жобалар өңірлердің әлеуетін арттыруға бағытталған. Сарапшылардың айтуынша, бұл бастамалардың барлығы ел экономикасына серпін беріп, халықтың болашаққа деген сенімін күшейтеді.
Алқалы жиында ел дамуы үшін маңызды мәселелер көтеріліп, нақты шешімдер қабылданды. Алда маңызды саяси өзгерістер күтіледі. Сарапшылар: «Бір палаталы Парламенттің құрылуы халықтың болашаққа деген сенімін арттырады», - деп бағалап отыр.
Әлихан Байменов, Ұлттық құрылтай мүшесі:
- Бұл халық үніне құлақ асудың бір көрінісі. Екінші жағынан партиялық тізіммен, Парламент жасақталғанда оның аты Құрылтай болатын болды. Бұл Құрылтай деген атаудың өзі әрбір депутатқа қосымша жауапкершілік, қосымша салмақ жүктейтін секілді. Ол сонымен қатар біздің ұлттық ерекшелігімізді де айқындап отыр. Ұлттың, мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуына байланысты ой-пікірі, ұсынысы бар топтардың халық кеңесі арқылы өз ұсыныстарын Президентке жеткізіп, Парламентке бастамашыл құқығы болса, Парламентке ұсынуы – бұл да біздің мемлекеттік басқару үлгісінде азамет пен мемлекет арасындағы байланыс тетіктерін нығайтудың жолы.
Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Президент ел экономикасына серпін беретін ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды тапсырды. Оның ішінде «Қызылорда–Жезқазған» автожолының Ұлытау облысына тиесілі бөлігін салу, сондай-ақ жылу-электр станцияларын жаңғырту мәселелері бар.
Мақсат Толықбай, Ұлттық құрылтай мүшесі:
- Бұл ең бірінші біздің тарихтағы инвесторлардың ақшасына салынған заманауи жылу электр станциясы. Міне, Қызылордада салынып, жұмыстар аяқталды. Әрі қарай Екібастұз болсын, Өскеменде болсын, Абайда, Көкшетауда салуымыз керек. Бұл үлкен стратегиялық жобалар.
Ерлан Саиров, Ұлттық құрылтай мүшесі:
- Президент жасанды интелект пен цифрландыру мәселесіне өте назар аударды. Өйткені 21 ғасыр – цифрландыру ғасыры. Яғни біз осы процестің ішінде болып, осы аймақта сол цифрландырудың көшбасшысы болуымыз керек.
Құрылтай мүшелерінің айтуынша, Президент көтерген бастамалардың түпкі мақсаты – ел дамуына тың серпін беру.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Нұржан Мұзарапшин