Құрылтай құр жиын емес, қоғамды алаңдатқан өзекті мәселелер мен мемлекеттің дамуын ілгерілететін үрдістерге серпін беретін үлкен фактор екенін уақыт көрсетіп отыр. 2022 жылы Президент жарлығымен Ұлттық құрылтай құрылып, ұлт ұясы Ұлытауда өткен алғашқы отырыстан бүгінге дейін ұзын ырғасы 26 заң қабылданып, тағы 10-ы әзірленіп жатқандығы соған дәлел. Бүгінге дейін өткізілген төрт құрылтай төрт құбыламызды түгендеп тастамаса да, ілкімді істерге ұйтқы бола алды.
Құрылтайдың алғашқы отырысында елдік шешімдер биліктің ғана еншісі емес, ел болып атсалысатын алаң екені әйгіленіп, Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін беру заңы басшылыққа алынды.
Түркістанда өткен екінші құрылтайдан соң нақты істерді көрдік. Түркістан қаласының мәртебесінен бастап, «Қазақстанның халық жазушысы» атағын қайтару, Киноматография заңына өзгерістер, онамастика саласы, құмаройындары бизнесін жүйелеу, жұмысшы мамандықтарының мәртебесі, Масс-медиа заңы, онлайн платформа мен онлайн жарнама, ғылым-білім мәселелерін бір жақты ету сияқты біраз мәселеге шешім болатын заңдарға жол ашылды.
Айгүл Сәдуақасова, Дінтану, саясаттану және философия институтының бас директоры:
- Заң қабылданды. Заң «Технологиялық саясат» деп аталады. Бұл жерде ғылым тек қана бөлек, бір феномен ретінде қарастырылмайды. Ол жалпы экономиканың, қоғамдық жүйенің біртұтас бөлігі ретінде қарастыралады. Мемлекет тарапынан осы бағытта көп нәрселер жасалып жатыр, әсіресе жас ғалымдарды қолдау жөнінде. Ғылыми қалашықтар, толығымен ғылыми инфраструктурасы жасалған ғалымдарға жақсы мүмкіндік береді.
Жайықтың жағасында игі жақсылар бас қосып, кезекті мәселелерді ортаға салды. Вандализмге қарсы күрес, табиғи нысандарды қорғау, археологиялық қазбалардың жауапкершілігі және лицензиялауды реттеу, мемлекеттік жастар саясаты, креативті индустрияны қолдау, сондай-ақ әйелдер құқығын қорғау тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес сияқты бас-аяғы 8 заң өмірге жол тартты.
Әлішер Сатыбалдиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Соның нәтижесінде мысалы, нашақорлықтың азайғаны, мектептердің қасындағы, мектептердің ішіндегі дүкендерде вейптер сатылып, балалардың денсаулығына зиян келтіретін жағдаяттарды өзіміз көруші едік. Оның барлығы сап тиылды.
Бурабайдағы жиынның шешімдері. Әйелдер құқығымен қатар балалар қауіпсіздігі мәселесі – төртінші құрылтайдың төрінен шыққан шешім. Тағы 10 заң жобасы бойынша жұмыс жүріп жатыр.
Олардың ішінде Үкіметтік емес ұйымдар, психологтар мен коучтардың қызметін реттеу, шекара маңы, ғылыми қалашықтарды дамыту мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды кешенді қолдау, әлеуметтік желілерде азаматтардың ар намысын қорғау бастамалары бұқара үшін үлкен маңызға ие.
Құрылтайдың қоғамдық маңызы құрылғалы бері қабылданған 26, әзірленіп жатқан 10 заңмен шектеліп қалмайды. Оның атауы енді алда құрылатын бірпалаталы Парламентке арқау болмақ.
- Құрылтайдың осы уақытқа дейін атқарған жұмыстарының бағасы да осымен берілді деп ойлаймын өзім.
Ал бүгінге дейін Ұлттық құрылтай ретінде халықтың бастамасын заңға ұластырып келген бұл консультативтік органның қатары ассамблея мүшелерімен толығып, Халық кеңесі болып қайта құрылуы бек мүмкін.
Берік Дүйсенбай, Қанат Әбілдин