Қазақстан саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне өтуде. Елімізде конституциялық комиссия жұмысын бастады. Оның аясында енді қолданыстағы Ата заңда кездесетін терминологиялық, стилдік кемшіліктер секілді жекелеген қателер жойылып, уақыт талабына сай жаңарған негізгі құжат жасақталмақ. Ал Президент ұсынған мемлекеттік билікті бір палаталы Парламент Құрылтайға өткізу, Халық кеңесін құру және өзге де мәселелер жан-жақты пысықталады. Комиссияның алғашқы отырысында көптеген бастамалар көтеріліп, талқыланды.
Мәди Мырзағараев, конституцияда адвокатураның мәртебесін бекітуді ұсынады. Себебі кәсіби қорғаушы ғана құқықты шынайы түрде қорай алады. Сондай-ақ соттың санкциясыз ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқарту туралы бастама көтерді.
Мәди Мырзағараев, республикалық адвокаттар алқасының төрағасы:
-Азамат өз құқығын, тағдыры таразыға түскен алғашқы минуттан бастап білуге тиіс. Дәл осы сындарлы сәтте адам мемлекеттің қатал күшіне емес, оның әділ қорғанын сезіну қажет. Ал сол құқықтардың ішіндегі ең маңыздысы кәсіби адвокаттың көмегіне жүгіну құқығы. Адвокаттың көмегінсіз құқық қағаз жүзіндегі декларация ғана. Ал кәсіби адвокаттың қатысуы сол құқықтың нақты іске асуы мен шынайы қорғауының кепілі. Сондықтан ұсталған адамға оның құқықтарын, оның ішінде адвокат көмегіне жүгіну мүмкіндігін ұстау сәтінен бастап түсіндіруді конституция деңгейіне бекітуді ұсынамын.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссия алдында тұрған міндет айрықша. Ата заңға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеу қажет. Сондықтан оның мүшелері өз ұсыныс-пікірлерін айтуда. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев конституцияда ғылым мен инновацияға көңіл бөлінуі керектігін айтқан. Себебі елдің бұл тұрғыдағы ұмтылысы тәуір дейді. Ал Ата заң заманауи сын-қатерлерді ескеруден жаңару қажет екенін айтады.
Жақсыбек Құлекеев, Мемлекет және қоғам қайраткері, Конституция комиссия мүшесі:
-Бұл заманның талабына сай келетін бірден-бір ата-заңымыз болғалы отыр. Бұның өзегі адам, адамның құқығын, бостандығын сақтау. Соған лайықты біз шешімдер қабылдаауымыз керек. Сол нормалар конституцияға кіру керек. Осы тұрғыдан алғанда қарапайым адамның құқығын қорғауға осы конституциядан бұрыңғыдан да көп басымдылық беріліп жатыр.
Айта кетейік, констиутциялық реформа жөніндегі комиссия мемлекет басшысының шешімімен құрылды. Бұл жарты жыл бойы Парламенттік реформаны әзірлеу бағытында атқарылған ауқымды істің заңды жалғасы. Комиссияның алғашқы отырысы өткен сенбі күні болды. Белгілі болғандай, жұмыс тобының мүшелерінен бөлек, азаматтардан екі мыңнан астам ұсыныс келіп түскен. Келелі жиында, Ата-заңның преамбласын жаңғырту, адамның құқын қорғау, дін, отбасы институтын күшейту, жеке деректерді сақтау және өзге де тақырыптар жөнінде бастама көтерілді. Бірақ, негізгі шешім көпшіліктің дауыс беруімен қабылданады.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Самат Оспанов