Конституциялық реформаның екінші отырысы өтті

  • 10
  • 26.01.2026, 21:40

Жиында елдің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды бастамалар талқыланды. Күн тәртібіндегі басты мәселе Президент пен Құрылтай арасындағы өкілеттіктерді нақты айқындап, билік институттары арасындағы тепе-теңдікті күшейту. Жиында Ата заңға енгізуге ұсынылған түзетулер жан-жақты қаралды. Өзгерістер қоғам өкілдері, саяси партиялар мен сарапшылар және халықтан түскен ұсыныстар негізінде әзірленген.

Конституциялық комиссияға күзден бері екі мыңнан астам ұсыныс келіп түскен екен. Бүгінге олардың барлығы біртұтас жинақталған кестеге біріктірілген. Нәтижесінде, Ата заңға енгізуге болатын ұсыныстар жобасы әзірленді.

Ерлан Сәрсембаев, ҚР Әділет министрі: 

-  Президент мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлға ретінде мемлекеттік жүйенің тиімді жұмыс істеуі үшін негізгі жауапкершілікті өз мойнына алады. Осыған байланысты Конституцияда Президенттің Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен білдірілген келісімімен Қазақстан Республикасының Вице-президентін, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін, Конституциялық соттың 10 судьясын, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесін және Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесін қызметке тағайындайтыны бекітілуі ұсынылады.

Сондай-ақ Ерлан Сәрсембаев вице-президенттің өкілеттіктеріне тоқталды. Вице-президент Мемлекет басшысының тапсырмасымен елдің сыртқы өкілдігін қамтамасыз етіп, мемлекеттік институттармен және азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылды үйлестіреді. Бұдан бөлек, Жоғарғы Сот төрағасының мәртебесіне, сондай-ақ Конституциялық сот пен прокуратура қызметіне қатысты бірқатар өзгеріс ұсынылды. Отырыста Құрылтайдың саяси жүйедегі рөліне ерекше назар аударылды. Құрылтай мемлекетті басқаруға тікелей қатысатын негізгі өкілді орган ретінде күшейтіліп, Президенттің маңызды кадрлық тағайындауларына келісім береді. Вице-президент, Премьер-Министр, Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелері Құрылтайдың көпшілік даусымен тағайындалады. 145 депутаттан тұратын Құрылтай жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау арқылы сайланады, бірақ сотпен ісі бар азаматтар сайлана алмайды.

Нұрлан Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған және сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлауға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ. Сонымен қатар сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған соттылығы бар, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе құқық бұзушылық жасауда кінәсі сотта белгіленген тәртіппен танылған азаматтардың сайлануға құқығы болмайды.  

Конституцияға Халық кеңесінің өкілеттіктері туралы жеке бөлім енгізу ұсынылды. 

Нұрлан Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Мемлекет басшысының ұсынысы негізінде халық кеңесіне құрылтайға заң жобаларын енгізу және республикалық референдум тағайындау туралы маңызды ұсынысқа бастама жасау құқығын беру көзделген. Халық кеңесіне заң шығаруға бастамашылық ету құқығын енгізу қоғамдық қатынастар мен аймақтардың дамуына, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға қатысты маңызды бастамаларды жедел шешуге ықпал ететін заңнамалық қолдауды қамтамасыз етіп, өзара іс-қимылдың тиімділігін арттырады деп күтілуде.

Сондай-ақ тікелей эфирде көпшіліктің алдында өткен жиында ерекше назар Преамбуланы күшейтуге, құқықтық және зайырлы мемлекет қағидаттарын бекітуге, адам қадір-қасиетін, өмір сүру құқығын, жеке бостандық пен қол сұғылмаушылықты, сондай-ақ жеке өмір мен дербес деректерді қорғауға аударылды.

Алуа Маханбет, Алма Сәлімжанқызы,