Оңтүстік өңірде Сарыағаш айналма жолы салынады

  • 12
  • 26.01.2026, 21:44

Биыл еліміздің оңтүстік өңірін көрші Өзбекстанмен жалғайтын ауқымды жобаның құрылысы басталады. Президент бесінші құрылтайда «Сарыағаш айналма жолын» салу туралы тапсырма берген еді. Жолдың ұзындығы - 102 шақырым. Бірінші санаттағы жол 4 жолақты болады. Елдегі көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жоба республикалық маңызы бар А-15 автомобиль жолына балама бағыт ретінде қызмет көрсетеді. Себебі қазіргі А-15 бағытындағы «Жібек жолы - Жетісай» тас жолы күніне 5 мың көлікті өткізуге арналған болса, мұнда тәулігіне 35-40 мың көлік қатынайды. Соның салдарынан жол-көлік оқиғалары мен көлік кептелісі жиі болады. «Жаңа жоба Сарыағаш қаласы мен оған іргелес аумақтардағы көлік жүктемесін азайтып, транзиттік көліктердің кедергісіз қозғалысын қамтамасыз етеді»,- дейді жауаптылар.

Мейіржан Жалайыров, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

-Сарыағаш қаласының ішін және Келес ауданының орталығы Абай ауылының ішіндегі кептелістерді біршама азайтатын болады. Сарыағаш айналма жолының жоба құны 238 млрд теңгені құрап отыр. Жобасы жасалып қойған. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізіліп жатыр. Сарыағаш айналма жолын салу жобасы біздің өңірге үлкен бір серпін береді деп ойлаймыз.