Логистика бүгінде ел экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр. Бұл саланың әлеуетіне Президент «Turkistan» газетіне берген кең көлемді сұқбатында ерекше тоқталды. Көлік министрлігінің мәліметінше, соңғы он жылда Қазақстан арқылы өтетін транзит көлемі 2,5 есе артып, былтыр 36 миллион 900 мың тоннаға жеткен. Ендігі міндет – инфрақұрылымды жаңғыртып, көлік бағыттарын кеңейту арқылы саланың тиімділігін арттыру.
Теңізге тікелей шығатын жолы болмаса да, Қазақстан Еуразия құрлығының дәл ортасында, негізгі транзиттік бағыттар тоғысқан аймақта орналасқан. Президенттің айтуынша, бұл артықшылықты ел игілігіне тиімді пайдалану қажет. Қазір ел аумағы арқылы халықаралық маңызы бар 5 теміржол және 8 автокөлік дәлізі өтеді. Қытай мен Еуропа арқылы тасымалданатын жүктің шамамен 85 пайызы осы бағыттармен жеткізіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Көлік және логистика мәселесі геосаясаттың ажырамас бөлігіне айналды. Осы тақырып жоғары деңгейдегі келіссөздердің күн тәртібіне біржола енді. Сондықтан Қазақстан үшін де оның айрықша маңызы бар. Еліміз Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» атты мегажобасын, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін және Транскаспий көлік бағытын, яғни «Орта дәлізді» дамытуға белсене атсалысып келеді. «Ресей – Қазақстан –Түрікменстан – Иран» бағытымен теңіз айлақтарына шығып, жүк тасымалдаудың болашағы зор деп санаймыз. «Орта дәліздің» жұмысына Қытайдың қосылуын құптаймыз.»
Жуырда пайдалануға берілген «Достық – Мойынты» теміржол магистралі Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалын бес есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта «Мойынты – Қызылжар», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» бағыттарында жаңа теміржол желілерін іске қосу жоспарланған. Бұрынғы теміржол машинисі, қазіргі Сенат депутаты Геннадий Шиповских отандық логистика саласында жүзеге асып жатқан ірі жобалардың тиімділігіне тоқталды.
Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Еліміздің көлік-логистикалық, сонымен қатар трансұлттық әлеуеті өте жоғары. Бұл мүмкіндікті кеңінен пайдалануымыз қажет. Пайдаланып қана қоймай, алдағы уақытта Қазақстан, ең алдымен, ірі мультимодальды халықаралық хабқа айналуы тиіс. Себебі транзит бар, қажетті нақты база қалыптасқан. Ол әуе көлігі болсын, теміржол немесе автомобиль транспорты болсын барлығы да дамып келеді.
Биыл теміржол арқылы транзиттік тасымал көлемін 327 миллион тоннаға жеткізу көзделіп отыр. 11 мың шақырым автомобиль жолдары жөнделеді. Сонымен қатар Президенттің әуе хабтарын дамыту жөніндегі тапсырмалары кезең-кезеңімен іске асырылуда. Жыл соңына дейін әуе компаниялары 9 жаңа әуе кемесін сатып алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, Вена, Токио, Рим, Абу-Даби, Даммам, Сиань, Шанхай, Үрімші, Варшава және өзге де бағыттарда жаңа рейстер ашылмақ.
Мирас Қуантай, ҚР КМ Көлік саясаты департаменті директорының орынбасары:
-Біз транзит бойынша көбінесе Ресей Федерациясы, Қытай елімен, Өзбекстан, Орталық Азия елімен және Транскаспий бағытындағы Әзербайжан, Грузия, Түркия елдерімен тығыз жұмыс істеудеміз. Жұмыс топтарымен бірігіп біріңғай тарифтік саясатты бірге құрып, осы бағыттағы инфрақұрылымды бірлесіп, синхронды тар жолдарды кеңейтіп, ол бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз.
Үкіметтің алдына заманауи инженерлік және сервистік инфрақұрылымы бар көлік-логистика тораптарын салу, теңіз порттары, әуежайлар мен теміржол вокзалдарын жаңғырту, сондай-ақ саланың тиімділігін арттыратын цифрлық экожүйе қалыптастыру міндеті қойылды.
Диана Қадыр, Қанат Абильдин