Қазақстан мен Израиль визасыз режимге қатысты меморандумға қол қойды

  • 9
  • 27.01.2026, 21:33

Израиль мемлекетінің сыртқы істер министрі Гидеон Саар мен ҚР Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев бірқатар құжатқа қол қойды. Сондай-ақ екі ел арасындағы сауда-саттық қарым-қатынасын нығайту, ауыл шаруашылығы және су ресурстары саласындағы ықпалдастықты арттыру бойынша бірқатар келіссөз жүргізілді. Сондай-ақ қос мемлекеттің іскер топ өкілдерінің қатысуымен бизнес форум өткізіліп, бірлескен кәсіпорындарды құру мүмкіндіктері қарастырылды. Іс-шара нәтижесінде дипломаттарды даярлау, Қазақстан азаматтарын визалық талаптардан босату туралы меморандумға қол қойылды.

Айта кеткен жөн, соңғы 20 жылда ел экономикасына Израильден жарты миллиард долларға жуық тікелей инвестиция тартылған. Ал екіжақты тауар айналымы былтыр 162 миллион долларды еңсерген.

Ермек Көшербаев, ҚР Сыртқы істер министрі:

- Әріптесім Гидеон Саар мырзаның Қазақстанға сапары қазақ-израиль қарым-қатынасын нығайтуға екі елдің де бейіл екенін растайды. Қазақстан өзінің сыртқы саясатында бейбітшілікке, диалогқа және прагматикалық ұстанымға басымдық береді. Қазақстан Таяу Шығыстағы жағдайға алаңдаушылықпен қарайды және аймақта тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған сындарлы күш-жігерді қолдайды.

Гидеон Саар, Израиль сыртқы істер министрі:

- Қазақстан – Израиль үшін адал дос және маңызды серіктес. Қос мемлекет арасында тарихи және демократиялық құндылықтарға негізделген берік байланыс қалыптасқан. Бүгінгі сапарым осы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға бағытталған.