Семейде өткен жиында Абай облыстық мәслихатының төрағасы Шалқар Байбеков Конституциялық комиссияның жұмысы барысында қолданыстағы Ата Заңның елеулі бөлігі қайта қаралғанын атап өтті. Жаңа жоба ашық форматта азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен екі мыңнан астам ұсыныс негізінде әзірленді. Оның айтуынша, құқықтық нормалармен қатар, мемлекеттік басқару жүйесіндегі өкілеттіктер мен жауапкершілік нақты айқындалды.
Съезбек Ахметов, Абай облыстық мәслихатының депутаты:-Бұл біздің өңірімізде, облысымызда жақсы талқылануда. Қанша депутаттар, облыстық, қалалық бәріміз отырып, көп нәрселер талқыландық. Бұл енді өте үлкен мүмкіндік береді, біздің қазақ еліміздің егеменділігімізге, тәуелсіздігіне, экономикамыздың өсуіне, әлеуметтік жағдайлардың жақсаруына үлкен жағдай береді. Неге десеңіз бұл ашық түрде Конституцияны халыққа, елімізге талқылауға беріп отыр.
Талдықорғанда да жаңа конституцияның жобасы талқыланды. Ұсынылып отырған құжатта Ата Заңның 77 бабына түзету енгізіліп, мәтіннің 84 пайызын өзгерту көзделген. Сол арқылы адам құқықтары мен бостандықтарына басымдық беріледі. Білім, ғылым, мәдениет пен инновация еліміздің басты даму бағыты ретінде айқындалады. Жиында мәслихат депутаттары құқықтық негіздемедегі осындай ерекшеліктерді атап өтті. Олар толықтыру мен өзгеріс партиялардың рөлін күшейтуге және ел дамуына ықпал етеді деген сенімін білдірді.
Ермек Егінбаев, облыстық Мәслихат депутаты:
-Конституция – заңдардың діңгегі. Заңдарды бағыттаушы негізгі заң. Бұл мықты болатын болса басқа заңдар қабылданған кезде осы заңға негізделіп сүйемелденіп, қабылданатын болады. Халық үшін ел үшін жұмыс жасау керек Ата Заңымыз.
Гүлнәр Тойлыбаева, облыстық Мәслихат төрағасы:
-Қазіргі уақытта облыстың активімен кездестік, қоғамдық кеңес және қоғамдық бірлестік мүшелерімен кездесіп, жаңа Конституцияның жобасын талқыладық. Осы уақытта айтылған өтініштерді, ұсыныстардың барлығын конституциялық кеңестің кезекті отырысында талқылаймыз.