Қазақстанның жұмсақ күші Пәкістанға қанат жаюда. Мемлекет басшысының Исламабадқа сапары қарсаңында Пәкістанның жетекші университеттерінің негізінде еліміздегі іргелі оқу орындарының орталықтары ашылды. Енді пәкістандық жастар өз елінде Сәтпаев, Әл- Фараби және Яссауи ілімдерімен таныса алады. Оның сыртында қазақ күресі, тоғызқұмалақ пен өзге де спорт түрлеріне машықтана алады.
1991 жылы құрылған Ғылым және технология ұлттық университеті – Пәкістандағы заманауи технология, киберқауіпсіздік, IT инновациялар және инженерия бағытында маман даярлайтын маңдайалды мекеме. Ғылыми зерттеу институттары мен ірі кампустардың басын қосқан универститет қабырғасында ашылған Қаныш Сәтпаев атындағы орталық Қазақстанмен арадағы ғылыми байланыстың алтын көпірі болмақ.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Біріншіден, сол бірлескен ғылыми жобаларды жасауға, оқытушылармен профессорлар алмасуға, студенттермен алмасуға. Бірақ қазір Пәкістанның үкіметі: «Бізден Қазақстанның университетінің филиалын ашыңыз», - деп талап білдіруде. Қарағанды техникалық университеті дайын тұр. Яғни ақырындап біздің жұмсақ күшіміз сыртқа, өңірлік мемлекеттерге де шығып жатыр.
Пәкістан елінің Қазақстанмен жоғарғы білім беру бағытында ықпалдастықты тереңдетуге деген талпынысы түсінікті. Елде 25 жасқа дейінгілердің ғана саны 94 млн. Барлығына университет жетіспейді.
Оның сыртында Қазақстанда құрылып жатқан академиялық хаб шеңберінде құрылған шетелдің 40-қа жуық жоғарғы оқу орындарына да қызығады.
- Қазіргі таңда Европа елдеріне, АҚШ-қа, Канадаға, Ұлыбританияға бара алмайды. Виза тұрғысынан, миграция, көші-қон саясаттары қазіргі таңда шектелуде. Білесіздер, Қазақстанға 40-қа жуық мықты шетелдік университеттердің филиалдары келді. Соған үлкен қызығушылық бар.
Қазіргі Пәкістан мемлекетінің негізін қалаған Мұхаммад Әли Джиннаның құрметіне 60 жылдай бұрын құрылған Каид-и-Азам университеті – Оңтүстік Азия аймағындағы жаратылыстану және әлеуметтік бағыттағы ғылыми зерттеулерімен кеңінен танылған университет. Енді аталған оқу орнында Әл-Фараби орталығы жұмысын бастайды.
Жансейіт Түймебаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры:
- Бұл біріншіден, Фараби ілімін танытуға арналады. Екіншіден, университетімізді тануға, үшіншіден, Қазақстанды осы Пәкістанда танытуға арналған орталық болады. Бұл жерде Фараби туралы, біздің елімздегі білім ғылым, мәдениет жайлы ақпараттардың барлығын береміз.
Исламабадтағы Халықаралық ислам университетінде басқа мемлекеттердің де жастары білім алады. Аталған білім ордасында Қожа Ахмет Яссауи орталығы ашылды. Енді Пәкістан жастарына Түркі әлемімен терең танысуға мүмкіндік бар.
Жанар Темірбекова, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры:
- Олардың бастамасымен құрылып жатыр. Себебі біздің еліміздің ғалымдары осында келіп, өздерінің ғылыми зерттеулерін жүргізетін болады. Бұл жақтың, сол университеттің басқа да ғалымдары орталық арқылы Ахмет Яссауи бабамыздың рухани мирасын түсініп, оны ұрду, ағылшын тіліне ары қарай аударып, осы жақта оның популиризациясы үшін де маңызды бір қадам деп түсінеміз.
Берік Дүйсенбай, тілші:
- Мәдени-гуманитарлық байланыстарды бекемдеудің бір парасы спроттық дипломатия десек, Исламабдта Қазақстанның қолдауымен «Достық» спорт орталығы ашылып жатыр. Енді мұнда Пәкістанның жастары қазақ күресі, тоғызқұмалақ, бокс т.б спорт түрлері бойынша қазақтың бапкерлерінен тәлім алатын болады.
Бауыржан Рапиков, ҚР Спорт және туризм вице-министрі:
- Спорт федерацияларымен бірігіп істеліп жатқан жұмыс аясында біз өз тарапымыздан материалдық-техникалық база, шахмат жиынтықтары, тоғызқұмалақ жиынтықтары, күрес кілемі, сонымен бірге өзіміздің әдістемелер мен методикаларды, бапкерлерді, спротшыларды алып келіп, осындай қарым-қатынаста жұмыс жасап жатырмыз.
Мейіржан Берекет, Қазақ күресі қауымдастығының бас директоры:
- Пәкістанда қазақ күресі федерациясының құрылуы – біз үшін тарихи сәт. Осы Пәкістан елінің спортшылары алдағы уақытта үлкен ареналарда өнер көрсететіне сенеміз.
«Достық» спорт орталығының ашылу салтанатына екі елдің салалық лауазым иелерінен бөлек, Пәкістан боксының аңызы, кәсіпқой ринг жұлдыз Әмір Хан да қатысты. Бұл әсіресе елдің жас өрендері үшін тарихи оқиға. Енді қазақ елінің көмегімен Исламабадта тұрақты түрде жұмыс істейтін орталық мыңдаған Пәкістан баласын спортпен қайта қауыштырмақ.
Берік Дүйсенбай, Айдос Меделбеков, Бахытбек Нұртаев