5 жылда балалардың әл-ауқатын арттыруға ₸1,3 трлн жұмсалмақ

  • 270
  • 05.02.2026, 21:41

Алдағы 5 жылда Қазақстанда балалардың әл-ауқатын арттыруға 1,3 трлн теңге жұмсалмақ. Бұл қаражат «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған. Құжат 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Балалардың қауіпсіздігі, білім алу, денсаулық сақтау және отбасы мен әлеуметтік қолдау салаларын жетілдіруді көздейді. Жоспарға сәйкес, мектептерде педагог-психолог сағаты енгізіледі. Зорлық-зомбылық көрген балаларға көмек көрсету мақсатында 40 арнайы кабинет ашылады. Психологиялық диагностика жұмыстарын жүргізуші үшін бірыңғай цифрлық платформа іске қосылады. Ерекше қажеттілігі бар балаларға менторлық қолдау көрсетіледі. 

Шынар Ақпарова, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:

-Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ақылды технологияларды енгізу жоспарланып отыр. Яғни бейнежазбаларды талдау арқылы буллингті анықтау және қауіпті болуы мүмкін тұлғаларды уақытында тану мүмкіндігі пайда болады. Бұл қауіп-қатерлерді дер кезінде болдырмауға мүмкіндік береді.