Жаңа Конституция: қазақ тіліне басымдық және теңгені бекіту ұсынылды

  • 288
  • 05.02.2026, 21:31

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бүгінгі отырысында адам құқығы мен білім-ғылымға баса мән беру ұсыныстары айтылды. Комиссия мүшелері жаңа Конституция жобасының мәтінін жазуда қазақ тіліне басымдыққа берілгенін айтты. Сондай-ақ «теңгені» Ұлттық валюта ретінде бекітуді ұсынды.

Адам құқығын қорғауды қамтамасыз ету қылмыстың жолын кесу, қоғамдық тәртіпті сақтаумен де байланысты. Бұл ретте тиісті органдардың қызметі айрықша. Алайда комиссия қарауына Конституцияның 18 бабына қатысты бірқатар ұсыныс келіп түскен.

Жандос Өміралиев, ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары:

- Осы баптың 2-ші тармағында сот шешімінсіз адамды заңда көрсетілген мерзімнен артық ұстауға болмайды деп көрсетілген. Бұл дұрыс жазылған мәтін. Дегенмен орыс тіліндегі аудармасында онда мерзімнен артық ұстау деген шешуші ұғым көрсетілмей қалған. Сол себепті кейбір мамандар сот шешімінсіз күдіктіні ұстау мүлдем болмайды деп түсіну қаупі бар екенін айтуда. Яғни қалыптасқан сот-тергеу тәжірибесі қиындыққа тірелуі мүмкін деген пікірлер бар.

Ал қазақ тілі жаңа Конституцияны жазуда басымдыққа ие болған. Комиссия мүшелері бұл жолғы жоба бұрыңғыдан өзге тілден аударылмағанын және түсініксіз сөздер алынғанын айтты. «Бұл ретте заңгерлерден өзге мамандардың көмегі мол болды»,- дейді. Тіпті терминдер де біріздендірілген.

Талғат Нәрікбаев, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі:

- Қазіргі таңда Конституцияның қазақ тіліндегі мәтінін оқығанда, тілдің жеңілдеп мағыналық тұрғыдан азаматтарымызға анағұрлым түсінікті болғаны байқалады. Атап айтқанда, бұрынғы редакцияда жиі кездесетін «болып табылады», «жүзеге асырады» сияқты калькалық құрылымдар жаңа мәтінде жоқтың қасы.

Ал Парламент Мәжілісіндегі «Республика» партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров Конституцияда теңгені ұлттық валюта ретінде бекітуді ұсынды. Айтуынша төл ақшамыз елдің басты нышаны ғана емес, саясат және экономикалық тәуелсіздіктің белгісі. Оның сөзін өзге де әріптестері қолдады.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ұлттық валютаны конституция деңгейінде бекіту мемлекеттің экономикалық егемендігінің маңызды көрінісі әрі қаржылық тұрақтылығының негізі болып табылады.

Комиссия отырысында айтылған ұсыныстар аз болмады. Бірақ барлығы да жіті қаралып, талқыланатын болады.

Әнуарбек Мырзатайұлы