Жаңа Конституция жобасы жалпыұлттық дауыс беруге дайын

  • 246
  • 09.02.2026, 21:48

Бұл туралы саясаттанушы Марат Шибұтов Конституциялық комиссияның отырысында мәлімдеді. Мамандардың пікірінше, азаматтар құжаттың негізгі жаңашылдықтарын түсініп үлгерді. Ол үшін кең көлемді ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі жиында да комиссия мүшелері сөз алып, жекелеген баптар мен тармақтардың мәніне тоқталды.

Бұл конституциялық комиссияның оныншы отырысы. Оның сыртында қаншама секциялық талқылаулар өтті. Әр жиын сайын негізгі өзгерістер, оның мәні түсіндірілуде. Бақыт Нұрмұханов соның тағы бірнешеуіне тоқталды.

Бақыт Нұрмұханов, ҚР Конституциялық Соты Төрағасының орынбасары, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі:

-Преамбулада «Ұлы даланың мың жылдық тарихының сабақтастығын сақтап» деген сөздер «Ұлы даланың мыңдаған жылдық» деп өзгертілді. Мәтін бойынша «неприкосновенность» деген термин көп кездеседі. Қазақ тілінде «қол сұқпау», «қол сұғылмаушылық» деп алынып отыр.

Депутат Азат Перуашев жаңа Конституцияда меншіктің барлық түрін тең қорғауды ұсынды. Бізде ол әдетте мемлекеттік және жекеменшік болып қана қарастырылады. «Ал экономистер халықарлық тәжірибеде олардың саны алтыға дейін жететіндігін алға тартуда. Комиссия мүшелері әр пікірді тыңдап, әр ұсынысты ескерудеміз»,- дейді. Мұрат Әбенов болса, жаңа Конституцияның философиясын түсіндірді.

Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Конституциялық комиссияның мүшесі:

-Әлемде әр түрлі ұлттар, идеялар, ұлттық идеялар бар. Америкалық арман, Еуропалық әл-ауқаттың үлгісі, Азиялық экономикалық керемет және т. б. Біздің жолымыз әділдік жолы. Оны біз осы Конституцияда жазғызып жатырмыз.

Ата Заңның жаңа нұсқасы 11 бөлім, 95 бап, 320 тармақтан тұрады. Оны дайындаумен 30 адамнан тұратын арнайы комиссия айналысты.  

Марат Шибұтов, саясаттанушы, Конституциялық комиссияның мүшесі:

- Қазіргі кезеңде біз әртүрлі сала өкілдерінің, түрлі тәжірибе мен дүниетаным иелерінің бірлескен еңбегінің нәтижесінде қалыптасқан жобаны көріп отырмыз. Азаматтар оның мазмұнын түсініп үлгерді деп ойлаймын. Сондықтан бұл құжатты жалпыұлттық дауыс беруге ұсынуға әбден болады деп есептеймін.

Комиссияның кезекті отырысы ертең өтеді деп жоспарланған. Айта кетейік, осы уақытқа дейін құжат мазмұнына қатысты азаматтар мен сарапшылардан 5 мыңға жуық ұсыныс түскен.

Ердәулет Ыбырайұлы