Мәжіліс депутаттары мен алматылық белсенді жастар қоғам талқысына түскен жаңа Конституция жобасын тың форматта талқылады. Түрлі саланың өкілдері бір алаңға жиналып, Ата Заңдағы жаңа баптарға қатысты дебат өткізді. Депутаттар жастардың пікіріне ой қосып, толықтырып отырды. Ал екінші кабинеттегі белсенділер Конституциялық реформадағы өзгерістерді жасанды интеллектпен талқылады. Мысалы, Құрылтай, Халық Кеңесі, Вице-президент лауазымы, Конституциялық сот және басқа да баптар туралы сұрақтарын жасанды интеллектке қойып, оның жауабын сараптады. Ал депутаттар жиналғандарға Конституциялық реформаның түпкі мәнін түсіндірді.
Бағдат Анарбаева, «Қамқор» қоғамдық қорының директоры:
-Конституциялық сот бойынша, оның өзгерістері бойынша. Қазіргі өзгерістер бойынша көптеген азаматтар тікелей Конституциялық сотқа өздері өз өтінімдерін тастай алады. Бұған дейін ол жерде белгілі мемлекеттік мекемелер ғана оған жүгіне алатын болса, қазіргі таңда жеке азамат та оған жүгіне алады.
Жанарбек Әшімжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Конституция преамбуласынан бастап, ең соңғы сәтке дейін бұл адамға бағдарланған жоба ғой. Сондықтан адамға қатысты, адамның ар-ождан бостандығы, адамның құқығы, мына сот жүйесіндегі әділеттілік, тазалық, заң мен тәртіп қағидасы дейтін ұстанымдарға қатысты біздің жастардың ойы ерекше қалыптасып келе жатқанына ризамыз.