Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаттары жаңа Конституция жобасын металлургтермен талқылады. Атап айтқанда, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, жұмысшының еңбек және әлеуметтік кепілдіктері, қоршаған ортаны қорғау мәселелері сөз болды. Депутаттар Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мемлекеттің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырып, әділеттілік пен заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Өңірдегі ірі өндіріс орнында өткен кездесуде қоршаған ортаны қорғау мәселесі де көтерілді.
Гүлқасима Сүйінтаева облыстық мәслихат төрағасы:
-Ел тарихында тұңғыш рет жаңа Конституция жобасында экология мәселесі бекітілген. Менің ойымша, бұл қоғам үшін маңызды сұрақ. Былтыр Президентіміздің бастамасымен «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы қолға алынды. Бұл жұмыс жалғасын табады. Себебі ең бастысы – халқымыздың саулығы. Сондықтан қоршаған ортаны қорғауға қоғам болып атсалысуымыз керек.