15 наурызға белгіленген республикалық референдумды ұйымдастыру жұмыстары қыза түсті. Орталық сайлау комиссиясы референдумды заң талаптарына сай, ашық әрі әділ өткізу үшін күнтізбелік жоспар бекітті. Дайындық шараларын соған сәйкес жүзеге асырып жатыр.
Үлкен саяси науқанға бір айдан аз уақыт қалды. Орталық сайлау комиссиясы алдағы референдумға дайындық жұмыстарын күшейте түсіп, күнтізбелік жоспарды жариялады. Оған сәйкес, 12 ақпанда басталған үгіт-насихат кезеңі 14 наурызда аяқталады. 21 ақпанда аумақтық және учаскелік комиссиялардың құрамы мен референдум учаскелері шекарасы туралы мәлімет жарияланады. Ал 22 ақпанда референдум комиссияларына дауыс беруге арналған тізім ұсынылады. 27 ақпан- 4 наурыз аралығында азаматтар дауыс беру уақыты мен орны туралы хабарлама алады. Ал 12-14 наурыз аралығында бюллетеньдер учаскеге жеткізіледі. 14 наурыз - Тыныштық күні.Мұхтар Ерман, Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:
-Күнтізбелік жоспар бойынша жергілікті атқару органдары учаскелері туралы аумақтық референдум комиссияларының құрамдары және олардың мүдделері туралы ақпаратты референдум тағайындалған сәттен бастап 10 күннен кешікпей, яғни 21 ақпан кешікпей БАҚ-та жариялайды. Дауыс берушілердің тізімі бойынша жұмысты жергілікті атқару органдары бірден бастайды.
Референдум күні 10 413 учаске есігін ашпақ. Оның 9 779-ы азаматтардың тұрғылықты жері бойынша, ал 634-і уақытша болу орындарында, 82-сі шетелдерде ашылады.
Алдын ала есеп бойынша бұл саяси науқанға шамамен 21 млрд теңге жұмсалмақ. Қаржының 75% комиссия мүшелерінің еңбекақысы. Сондай-ақ олар электоралдық оқытумен қамтылады.
Азамат Айманақұлов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:
-Референдум комиссия мүшелерінің саны 71 044 адамды құрайды. Ағымдағы жылдың 1 қаңтары бойынша дауыс беруге құқылы азаматтардың саны, яғни реестрға тұрақты тіркелген 12 416 759 азамат енгізілді. Яғни бүгінгі республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың санын жасау үшін негіз бар. Дауыс беруге 15 күн қалғанда азаматтар сайлаушылар тізімінен өздерін тексере алады. Дауыс беру 15 наурыз күні таңғы 7-ден кешкі 20:00-ге дейін өтеді.
Дана Әлиева