Вашингтонда Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысы өтті

  • 384
  • 20.02.2026, 21:30

Жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. АҚШ Президентінің мұрындық болуымен өткен халықаралық жиынның басты мақсаты – Газада бейбіт өмір орнату.

Бейбітшілік кеңесі – жаһанда өршіген алауыздық отын өшіріп, қақтығыстарды тоқтату үшін құрылған жаңа құрылым. Әлі иі қанбаса да, әлеуеті зор. Кеңес құрамына 35 ел кіреді. Алғашқы отырысқа 20 елдің басшысы келді. Оның ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев бар. Мемлекет басшысы бірлестіктің бірінші басқосуында сөз сөйледі. Баяндамасын тарихи шараны ұйымдастырған Дональд Трампқа алғыс айтумен бастады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Шын мәнінде, бұл – сөз күйінде қалатын қарар қабылдайтын конференция емес, керісінше, нақты әрі мақсатты шаралар арқылы ұзақ мерзімді бейбітшілік орнатуға үлес қосатын жиын. Президент мырза, Сіздің жаһандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты ілгерілетуді көздейтін айқын мұратыңыз бен көреген қадамдарыңыз еліміздің Бейбітшілік кеңесіне қосылуына түрткі болды.

Бейбітшілік кеңесі – көпжақты күш-жігердің әлеуетін арттыратын, заман талабына сай ұйым. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірлестікке қатысты көзқарасы осындай. Ол әлемде мұндай бастама көтерілмегенін алға тартып, бұл бұрын-сонды болмаған бетбұрыс екенін мәлімдеді. Бейбітшіліктің берік негізі тек нақты әрекетпен ғана қаланатынын атап өтті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Таяу Шығыстағы орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін аймақта бейбітшілік пен ынтымақтастықты, өзара сенімді нығайтуды көздейтін жаңа тәсілдер қажет. Аталған ұстанымға арқа сүйей отырып, Қазақстан Ибраһим келісімдеріне қосылу жөнінде шешім қабылдады. Осылайша біз аймақта және одан тысқары жерлерде прагматикалық экономикалық әрі гуманитарлық ынтымақтастыққа үлес қосамыз. Бұл Бейбітшілік кеңесінің ізгі мұратына толық сай келеді.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесі аясында Президент Трамп атындағы арнайы награданы бекітуді ұсынады. «Бұл – оның бейбітшілікті ілгерілету ісіндегі ғаламат жетістіктеріне көрсеткен құрметіміз болмақ», - деді. Оған қоса Қазақстанның Газаға қаржылық қолдаудан бөлек, инфрақұрылымды дамытып, гуманитарлық көмек ұсынуға дайын екенін жеткізді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл бағдарлама бойынша инфрақұрылым жасақтауға, үйлер мен тұрғын үй кешендерін, мектептер, ауруханалар және басқа да маңызды әлеуметтік нысандарды салуға болады. Әлемдегі ең ірі бидай өндірушілердің бірі саналатын еліміз Газа мен одан тысқары жерлердегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін гуманитарлық көмек көрсетуге дайын. Қазақстан палестиналық студенттердің университеттерімізде білім алуы үшін бес жыл бойы 500-ден аса оқу грантын бөлуді жоспарлап отыр. Біз халықаралық деңгейде мойындалған электрондық үкімет саласындағы тәжірибемізбен және басқа да цифрлық шешімдермен бөлісе аламыз. Қазақстан Халықаралық тұрақтандыру күштерін қолдауға әзір. 

Өз кезегінде АҚШ басшысы алғашқы отырысқа келгендерге ризашылығын білдіріп, саясаткерлерге шешімтал, нағыз жаһандық ауқымдағы көшбасшылар деген баға берді. Қазақстан туралы ықыласпен атап өтті. 

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, сізге көп рақмет. Қазақстан – керемет әрі бай мемлекет. Егер әлдебіреуде қандай да бір күмән туындаса, бүгін мұнда өте бақуатты адамдар қатысып отырғанына назар аударыңыз.

Отырыста Газа секторын қалпына келтіру жоспары таныстырылды. Жоғарғы атқарушы кеңестің мүшесі Джаред Кушнер аймақ тұрмыс-тіршілікке және экономикалық өрлеуге қолайлы жағдай жасайтын заманауи кеңістікке айналуға тиіс екенін жеткізді. Ал Дүниежүзілік банк төрағасы Аджай Банга Бейбітшілік кеңесінің қаржы механизмдері ашықтыққа және қаржыны нақты мақсаттарға бөлу қағидаттарына негізделетінін жеткізді. Газадағы қауіпсіздік пен халықаралық серіктестік мәселелері де кеңінен талқыланды.

Бекзат Аманов