Президент DFC басшысы Бен Блэкті қабылдады

  • 392
  • 20.02.2026, 21:36

Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей әуе қатынасы ашылады және ол ұзаққа созылмай, осы жылдың соңына дейін іске асуы мүмкін. Одан бөлек, елімізде халықаралық деңгейдегі клиника бой көтермек. Осы және өзге де маңызды келісімдерге Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтонға жұмыс сапары барысында қол қойылды.

Америка Құрама Штаттарына жұмыс сапары аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар америкалық компания басшыларымен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы U.S. International Development Finance корпорациясының  атқарушы директоры Бен Блэкті қабылдады. Беделді халықаралық қаржы институты басшысымен кездесуде инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасы талқыланды. Атап айтқанда, тау-кен өндірісі, көлік-транзит инфрақұрылымы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайы сөз болды.

Эндрю Данири, консалтингтік компания директоры:

- Қазір біз жоғары технологияға қажет сирек минералдар саласында бірлескен мүмкіндіктерді көріп отырмыз. Қазақстанда ресурстар бар, ал АҚШ-та капитал, технология және тәжірибе бар. Осы мүмкіндіктерді біріктіру арқылы біз тек шикізатты өндірумен шектелмей, оған қосылған құнды арттыра аламыз. Бұл Қазақстан мен АҚШ үшін экономикалық және қауіпсіздік тұрғысынан пайдалы болмақ. Қазіргі жылдам өзгеріп жатқан әлем жағдайында екі ел бірлескен жобалар арқылы ортақ құндылық қалыптастыра алады. АҚШ Астанамен және Қазақстанның барлық өңірлерімен өзара тиімді жобалар бойынша жұмыс істеуге дайын.

АҚШ-қа тікелей әуе қатынасы ашылады

Вашингтондағы кездесуде тағы бір маңызды келісімге қол қойылды.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

- Boеing компаниясымен кездесу өтті. Өткен жылы Air Astana Boеing-пен келісім шартқа қол қойды. Бұл келісімшарт бойынша Boеing Қазақстанға Dreamline  әуе кемесін жеткізу міндет алды. Биыл олардың алғашқысы Қазақстанға келеді.

Иә, Мемлекет басшысы Boeing компаниясының атқарушы вице-президенті Джефф Шоккиді қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев Air Astana мен Boeing арасында ұшақ жеткізу бойынша келісімге қол қойылғанын құптады. Демек, осы жылдың соңына дейін елімізге заманауи Boeing 787 Dreamliner ұшақтары жеткізіліп, Америкаға тікелей қатынас іске қосылады. Бұдан бөлек, SCAT әуе компаниясы қосымша Boeing ұшақтарын сатып алмақ. Сондай-ақ америкалық корпорациямен серіктестік негізінде Шымкент әуежайында алғашқы техникалық қызмет көрсету және жөндеу орталығын ашу мүмкіндігі қарастырылды.

Елімізде халықаралық клиника бой көтермек

Қазақстанда халықаралық деңгейдегі медициналық клиника бой көтермек. Бұл жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ashmore Group халықаралық инвестициялық компания басшысы Марк Кумбс арасындағы кездесу барысында талқыланды. Жоспар бойынша аталған компания «Самұрық-Қазына Инвест»-пен бірлесіп клиника салады. Ал жобаға әлемдік деңгейдегі оператор – Mount Sinai Health System тартылмақ. Президент бұл бастамаға қолдау көрсетуге Үкіметтің дайын екенін мәлімдеді.

Mars Қазақстанға $180 млн инвестиция салмақ

Бұдан бөлек, Алатау қаласында үй жануарларына арналған азық өндіретін зауыт салынатын болды. Mars Inc. компаниясының бас директоры Пол Вайраухпен кездесу барысында осындай келісімге қол қойылды. Mars Қазақстанға 180 млн доллар инвестиция салмақ. Бұл бастама агроөнеркәсіп өнімдерін терең өңдеуге және қосылған құны жоғары тауар шығаруға мүмкіндік бермек.

Алуа Маханбет