Алдағы уақытта еріктілердің жұмысы мемлекеттік деңгейде қолдауға ие болуы мүмкін. Себебі волонтёрлық қызмет Конституцияның жаңа жобасына енгізілді. Бұл норма есепсіз көмек көрсетіп жүргендер үшін несімен тиімді? Не өзгереді?
Конституцияның жаңа жобасының 31-бабының 2-тармағына волонтёрлік қызмет пен қайырымдылықты қолдау туралы норма енгізілді. Бұл еріктілердің қоғамдағы қызметі мемлекет тарапынан ресми түрде мойындалып, әлеуметтік саясаттың бір бөлігі ретінде қарастырылуы мүмкін деген сөз. Мамандардың айтуынша, волонтёрлік қызметтің Ата Заң деңгейінде бекітілуі еріктілердің құқықтық мәртебесін күшейтіп, олардың қоғамдағы рөлін айқындай түспек.
Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазірдің өзінде волонтёрлерге, волонтёрлердің жұмыстарына қатысты бізде жоба бар. Өте көп талқыланған, өте ұзақ жазылған жоба. Волонтёрлер бар болғанмен олардың құқықтары, міндеттері еш жерде көрсетілмеген болатын. Сондықтан қазіргі бұлар статус? Бірақ қазір Конституцияға мұны көтергеніміз әрі қарай осы волонтёрлық қозғалысқа серпін береді.
Елдегі волонтёрлік қозғалыс түрлі әлеуметтік мәселелерді шешуге үлес қосып келеді. Оның тарихы осыдан 25 жыл бұрын жалғызбасты қарттарға көмек көрсетуден басталған еді. Қазір бұл қызмет түрі ауқымды сипатқа ие. «Ал жаңа мәртебе үлкен сенім мен міндет жүктейді», - дейді еріктілер.
Айбек Досымбетов, «Ұлттық волонтёрлер фронт-офисінің» жетекшісі:
- Конституцияға, Ата Заңға енгізілуі бұл волонтёрлік ең бірінші, елімізде волонтёр болып жүрген волонтёр жандарға бір құрмет ретінде қарауға болады. Одан кейін осы елімізде әлеуметтік мәселелерді шешуге осы волонтерлердың өзінің орны, рөлі бар екенін көрсетеді. Және алдағы уақытта ол қоғам үшін қажет екенін айқындап жатыр.
Биыл «Халықаралық волонтёрлар» жылы. Бұл бастаманы Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген еді. Еріктілердің қызметі енді Ата Заңда бекитін болса, осы бағыттағы жұмыстар жаңа деңгейде жалғасын таппақ. Қазірдің өзінде экология, әлеумет, білім беру салаларында түрлі іс-шаралар мен оқу-жаттығулар өткізіп, шетелдік волонтёрлік ұйымдармен тәжірибе алмасу жоспарланып отыр.
Алма Сәлімжанқызы, Мұхаметәлі Тілдебаев