Елордада Оқу-ағарту министрлігінің алқа отырысы өтті

  • 13
  • 26.02.2026, 21:46

Елордада Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Кездесуде оқу сапасын арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту, балалар құқықтарын қорғау және педагог мәртебесін арттыру сынды тақырыптар қаузалды. Алдымен Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова баяндама жасап, саладағы жетістіктер мен алдағы міндеттерге тоқталды. Халықаралық еңбек ұйымы және ЮНЕСКО-ның сараптамалық талдауына сәйкес, қазіргі оқушылардың шамамен 60% келешекте бүгінгі нарықта жоқ мамандықтарды игереді. Бұл білім жүйесінің алдында күрделі әрі стратегиялық міндеттер тұрғанын айқын аңғартады. Елде Мемлекет басшысының тапсырмасымен алғаш рет 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасы әзірленді. Құжат әр баланың сапалы білімге қол жеткізуіне, денсаулығын сақтауға, әлеуметтік қолдау алуына және отбасында тәрбиелену құқығын қамтамасыз етеді. Жиында Аида Балаева жауапты ведомстваға білім беру жүйесін дамытуға бағытталған бірқатар міндет жүктеді. Атап айтқанда, мектепке дейінгі және бастауыш оқушыларының білім сапасын күшейтіп, ерте жастан цифрлық дағдыларын дамытатын оқу бағдарламасын енгізу тапсырылды. Балабақша тәрбиешілерінің біліктілігін арттыру талаптары күшейеді. Оған қоса, балалардың сөйлеу қабілетін, базалық когнитивтік және эмоционалды дағдыларын дамытуға басымдық беру қажет. Ал оқулықтар жас ерекшеліктеріне сай болуы шарт. Бұдан бөлек, жасанды зерде көмегімен бірыңғай стандартқа негізделген электронды білім беру бағдарламаларын әзірлеу міндеті қойылды. Жасанды интеллект бойынша оқытушыларды даярлау бағдарламасы әзірленеді. Орта буын мамандарын оқытуда еңбек нарығы сұранысына бейімделіп, дуальды оқыту жүйесін кеңейту жүктелді. Инклюзивті білім беруді дамытуда жоғары оқу орындарында дефектология кафедраларын ашу және «Инклюзивті білім беру негіздері» пәнін енгізу ұсынылды. Сондай-ақ балабақшаларды кезең-кезеңімен лицензиялау арқылы мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейін арттыру көзделіп отыр. Жиында балалар қауіпсіздігіне ерекше назар аударылып, буллинг жағдайларына әрекет етудің бірыңғай алгоритмін әзірлеу тапсырылды.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:

-Бүгінгі таңда білім сапасын арттыру, мұғалімдеріміздің біліктілігін арттыру, ауыл мен қала мектептері арасындағы білім теңсіздігін, жалпы айырмашылықты мейлінше жою. Бұдан бөлек, инклюзивті білімді дамыту және жасанды интеллект, цифровизацияны білім саласына енгізу арқылы біздің ұстаздарымыздың жүктемесін азайтуға байланысты, қолмен жасайтын жүктемесін азайтуға байланысты оларға білімін шығармашылыққа шыңдауға мүмкіндік қарастыруға болатын көптеген баяндамашылар өзінің ойын ортаға салды. Үлкен келелі ұсыныстар айтылды. Ол ұсыныстарды эксперттік қоғамдастықпен, ұстаздар қоғамдастығымен бірлесіп жүзеге асыратын боламыз. 

Бүгінге дейін «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың орынға арналған 217 білім ордасы бой көтерді. Жаңа ғимараттар ескі типтік мектептерге қарағанда 15-20 пайызға кең, әрі техникалық жабдықталу деңгейі төрт есе жоғары. Білім ошақтары еңбекке баулу, музыка, хореография залы, STEM-зертханалары мен робототехника кабинеттері, коворкинг және спорт залдарымен жабдықталған. Жоба аясында 43 үшауысымды және 8 апаттық жағдайдағы мектептің мәселесі толық шешілді. 1720 оқушы отыздан астам халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми конкурстарда бақ сынап, ел қоржынына 1006 медаль салды. Ведомство мәліметіне сәйкес, мұғалімдердің 95 пайызы өз жұмысына қанағаттанған. Педагогтердің жалақылары екі есеге артып, апталық жүктеме 36 сағатқа дейін қысқарған. Ал еңбек демалысы 56 күнге ұзарды.