Жаңа Конституция – ашық пікірталастың нәтижесі

  • 16
  • 26.02.2026, 21:37

Заңның жобасы шын мәнінде халықтық құжат. Ақтөбе облысының жұртшылығымен кездескен Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин осылай деді. Оның айтуынша, Конституциялық комиссия о бастан ашық форматта жұмыс істеді. Әр отырыс тікелей эфирден көрсетілді. Қоғам тарапынан қойылған сұрақтарға, айтылған сын-пікірлерге әр отырыста не жауап, не түсініктеме беріліп отырды.

Өнер орталығында өткен жиынға мыңға жуық адам қатысты. Қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері, этномәдени бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар да бар. Жиында жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері талқыланды.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

-Конституцияның әртүрлі жерінде, әртүрлі бөлімінде, әртүрлі бабында Тәуелсіздік, Егемендік туралы сөз болса, байқаған боларсыздар? Тәуелсіздік, Егемендік сөздері әр жерде бас әріппен жазылған. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының негізгі ұстанымы. Ол басқа мәтіндермен, құжаттармен жұмыс жасағанда әрқашанда Тәуелсіздік, Егемендік сөздерін бас әріппен жазады. Неге? Ол қасиетті ұғым ретінде қоғамдық санада қалыптасып, бекіту үшін. Қазіргі Ата Заңмен салыстырсаңыздар, жаңа Ата Заңда сол үшін Егемендік Тәуелсіздік ұғымдары жиі кездеседі. Бізде осы жаңа Ата Заңмен, мәтінмен жұмыс жасаған кезде осы ұстанымды қолдандық. Сондықтан жана Конституцияның негізгі принципиалды осындай көптеген нормаларының авторларының бірі деп Қасым-Жомарт Кемелұлының өзін да айтуға болады.

Мемлекеттік кеңесші бастаған топ өндіріс орындарын аралады. Алдымен Ақтөбе рельс-арқалық зауыты ұжымымен жүздесті. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 430 мың тонна. Оның 200 мыңы-теміржол рельсі. Инвестиция көлемі 82,7 млрд теңге. Кәсіпорын жоғары жылдамдықты теміржол желілеріне арналған рельстерді Өзбекстан, Түрікменстан және Әзербайжан елдеріне экспорттайды. Жұмысшылар еңбек заңнамасындағы өзгерістерге дән риза. Еңбек жағдайы мен әлеуметтік кепілдіктердің күшейтілгеніне алғыс білдірді.

Жаңа Конститутция жобасы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті алаңында да талқылады. Мемлекеттік кеңесші құжаттың әзірлену барысы мен ел болашағы үшін маңызын түсіндірді. Ашық форматтағы кездесуде студенттер өз сауалдарын қойды. Өз кезегінде Ерлан Карин жастарды білімге ұмтылып, ел болашағын ғылым мен саналы еңбектің негізінде қалыптастыруға шақырды. Ал ұстаздар құрамы бірлік пен ортақ жауапкершілік арқылы жаһандық даму көшінен лайықты орын алатынымызды тілге тиек етті.