Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Еуропа Одағының Қазақстандағы Өкілдігінің басшысы Алешка Симкичпен кездесіп, 15 наурызда жаңа Конституцияға байланысты республикалық референдум өтетінін атап өтті. «Жаңа Ата Заң – Әділетті Қазақстан идеясын іске асырып, тиімді мемлекеттік жүйе құруға негіз қалыптастыратын тарихи құжат» деді. Сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалғанын жеткізді. Өз кезегінде ЕО Өкілдігінің басшысы Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Кездесу барысында сауда-экономикалық байланыстарды арттыру, көлік-логистика, цифрлық технологиялар, су ресурстарын басқару, білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері де талқыланды.