Бүгін АҚШ Иранға қарсы әскери операция бойынша мәлімдеме жасады.
Таяу Шығыстағы жағдай сағат сайын ушығып барады. АҚШ пен Израильдің Иранға бастаған шабуылынан кейін Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар, Бахрейн, Ирак, Кувейттен тыныштық қашты. Мәселен, Иран АҚШ-тың әскери базасы орналасқан нысандарға соққы жасауды жалғастырып жатыр. Ислам революциясы сақшылар корпусы аятолла Әли Хаменеидің қазасына жауап ретінде ел тарихындағы «ең қуатты» шабуылын бастайтынын жария етті.
Ливанда да жағдай күрделі. Елдің «Хезболла» қарулы тобы Али Хаменеидің қазасы үшін Израильге зымырандар мен ұшқышсыз апараттарды ұшырған. Бұған жауап ретінде ЦАХАЛ күштері Ливандағы 50 елді мекен тұрғындарын шұғыл эвакуациялану керектігін ескертіп, артынша Бейрутті бірнеше мәрте зымыранмен атқылаған. 30-дан астам адам мерт болып, тағы 150-ге жуығы жарақат алды. «Нысанада Хезболланың инфрақұрылымы мен қару-жарақ қоймасы болды. Бұл шабуылдар әлі де жалғасады», - дейді ЦАХАЛ өкілі. Сондықтан аймақтан халықты көшіру жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Доха мен Дубайда да жарылыстардың дыбысы жиіледі. Ақпарат құралдары Кипрде орналасқан Ұлыбританияның әскери әуе күштерінің базасы да Иранның дрондарынан зақымдалғанын хабарлайды. Кувейттегі АҚШ елшілігінің маңын да қою қара түтін басты. Ал америкалық әуе базасына жақын жерде бірнеше жойғыш ұшақтың құлағаны белгілі. Парсы шығанағына кіретін бір топ ел Иранның әрекетіне жауап беруге құқылы екендерін мәлімдегенмен артқа шегініп жатқан ел жоқ.
Израиль қалаларында да дабыл сиреналарына дамыл жоқ. Өйткені Тегеран Тель-Авивке қарай баллистикалық зымырандарды тоқтаусыз жаудырып жатыр. Жалпы Қызыл Жарты Ай ұйымы АҚШ пен Израильдің шабуылдарынан Иранда 555 адам қаза болғанын хабарлайды. Әзірге Парсы шығанағына кіретін елдерге қатынайтын әуе рейстер сапарға шықпай тұр. Әлем елдері өз азаматтарын елге қайтарудың қауіпсіз бағыттары айқындап жатыр. Түркия болса, Иранмен шекара бойындағы барлық 3 тексеріп-өткізу бекетін жауып тастады. Сондай-ақ түрік билігі шекара аумағындағы қауіпсіздік шараларын күшейтіп, жағдай ушығуына қарай қолданылатын қосымша шешімдер әзірлеу үстінде. Ал Ирандағы шетелдік студенттер арнайы рұқсатты рәсімдемей-ақ кез келген шекара арқылы еліне қайта алады. Парсы елінде қазір 60 мыңға жуық шетел студенті бар.
Бүгін Дональд Трамп «Дүлей Қаһары» деп аталатын әскери операциясы туралы үндеу жасады. Айтуынша 36 сағат ішінде Иран аумағындағы жүздеген нысанға , оның ішінде Революциялық сақшылар корпусының ғимараттары мен Иранның әуе қорғаныс жүйелеріне соққы жасалғанын хабарлады. Ақ үй басшысы діттеген барлық мақсат орындалмайынша әскери қимыл тоқтамайтынын мәлім етті.