Жаңа Конституция жобасын әзірлеуге Президент тікелей қатысты

  • 10
  • 02.03.2026, 21:33

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев - жаңа Конституцияның басты авторы. Бұл туралы Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай өз сұхбатында мәлімдеді. Оның айтуынша, Президент жаңа Ата Заң жобасын әзірлеу жұмысына тікелей қатысып, азаматтар мен қоғамдық ұйымдардан түскен ұсыныстарды жеке өзі зерделеген. Кейін сарапшылар және кеңесшілермен бірге Ата Заңның кіріспесі мен бірқатар бабының мәтінін дайындауға атсалысқан. Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттік реформалар жөніндегі жұмыс тобы және Конституциялық комиссия өкілдерімен аптасына кемінде бір рет тұрақты түрде кездесіп отырған. Жиындар мазмұнды өтіп, кей жағдайда бір сағаттан да ұзаққа созылған.

Айбек Дәдебай, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы: 

-Тіпті түнгі уақытта да Президентіміз осы мәтінмен жеке өзі жұмыс істегенін Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері жақсы біледі. Жалпы жаңа Конституция жобасының мәтінінде Мемлекет басшысының саяси бағдарының басты қағидаттары, қоғам мен мемлекеттің дамуына қатысты көзқарасы, сондай-ақ ұстанымдары кеңінен көрініс тапқан. Сол себепті Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңа Конституциямыздың басты авторы екені сөзсіз.Айбек Дәдебайдың сөзінше, қазір жаңа

Конституцияны қабылдау жөніндегі референдумға дайындық қызу жүріп жатыр. Құқықтық рәсім мен заң талаптарының қатаң сақталуына басымдық берілетін болады. Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясына маңызды міндет жүктеліп отыр. Ал мемлекеттік органдар сайлау учаскелерінің жұмысынан бастап, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасауға дейін референдумның жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз етуі тиіс. 

Айбек Дәдебай, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы: 

-Бұл референдумның еліміз үшін де, барлық азаматтарымыз үшін де маңызы өте зор. Сондықтан барлық құқықтық рәсімінің сақталуы, заң талаптарының қатаң орындалуы өте өзекті болып тұр. Бұл ретте Орталық референдум комиссиясының атқарар рөлі ерекше болмақ.