Астана қаласындағы LRT осы көктемде іске қосылмақ. Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр мен қала әкімі Жеңіс Қасымбек LRT депосына барып, бірыңғай диспетчерлік орталықтың дайындығын тексерді. Қозғалысты басқару, бағдаршамдарды үйлестіру, бақылау және көлік деректерін талдау осы орталық арқылы жүргізіледі. Қазір бірнеше станцияда сынақ жұмыстары жүріп жатыр. Әкімдіктің дерегінше пилотсыз режимде қатынайтын құрамдар елорданың климатына бейімделген. Яғни қатты суыққа төзімді. Жүйе толық тексерістен өткен соң жолаушыларды тасымалдай бастайды.