Мәжіліс төрағасы бастаған жалпыұлттық коалиция мүшелері Маңғыстау облысына барды. Ерлан Қошанов жұртшылықпен кездесу барысында Ата Заң жобасындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, цифрландыру және мемлекеттің әлеуметтік міндеттеріне тоқталды. Құжатта этносаралық келісім негізгі мемлекеттік бағдарлардың қатарында тұр. Бұл принцип преамбула мен бірқатар негізгі бапта көрініс тапқан. Жергілікті өндіріс ұжымдарымен кездесуде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету нормалары сөз болды. Бұл ережелер мемлекеттік саясаттың айқын бағдары саналады. Адам капиталын дамыту жайы да талқыланды. Жаңа Конституция жобасында ғылым, білім және инновацияларды өркендету де стратегиялық басымдық ретінде бекітілген.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Осы қадамдардың өзегінде әділеттілік, теңдік пен бірлік идеясы тұр. Заң мен тәртіп соның берік іргесі болып қалануда. Бұл қоғамның санасына серпіліс беретін басты құндылықтарымызға, негізгі қағидаттарымызға айналды. Жаңа Ата Заң – осы жүйелі жұмыстың заңды жалғасы, түпкі түйіні. Ең негізгісі, мұның бәрі халықтың сұранысынан туындап отыр.