Наурыздың бірінен бастап елімізде салық төлеу тәртібі өзгерді. Сондай-ақ медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық немесе қорқыту әрекеттері үшін жаза қатаңдатылады. Және бүгіннен бастап Отбасы банк тұрғын үйді тек түгендеуден өткен азаматтарға ғана үлестіретінін хабарлады.
Елде салық төлеу тәртібіне өзгеріс енгізілді. Жаңа Салық кодексіне сәйкес, салық режимін сақтау немесе өзгерту туралы хабарлама тапсырмаған азаматтар автоматты түрде стандартты салық салу жүйесіне көшіріледі. Бұл талап жеке тұлғаларға да, кәсіпкерлерге де қатысты.
«Отбасы банк» енді баспананы тек түгендеуден өткен азаматтарға ғана береді. Түгендеуден өтпегендер кезектен шығарылмайды. Бірақ тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды. Енді бұл азаматтардың жалдамалы пәтер немесе жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі жоқ. Қазіргі таңда 257 мыңнан астам адам түгендеуден өткен.
Енді ортақ мүлікті бөлуге қатысты үш жылдық талап қою мерзімі ажырасқан күннен емес, мүліктік құқық бұзылған сәттен есептеледі. Алимент өндіру тәртібі де нақтыланды. Енді шетелде тұратын борышкерлерге сот белгіленген соманы өндіріп алу туралы шешім шығара алады.
1 наурыздан бастап, медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық немесе қорқыту әрекеттері үшін жаза қатаңдатылды. Ақхалаттыларға ауыр дене жарақатын салған немесе олардың өміріне қауіп төндіргендер 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Қоғамдық орындарды ластаған немесе абаттандыру ережесін бұзған адамдарға енді әкімдік те айыппұл сала алады. Бұған дейін бұл құқық тек полицияға берілген еді. 2025 жылы 591 мың адам жауапқа тартылып, 5,2 миллиард теңге айыппұл өндірілген.