Елде Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты жедел штаб отырысы өтті

  • 12
  • 02.03.2026, 21:44

Еліміздің Көлік министрлігінде Таяу Шығыстағы қалыптасқан жағдайға байланысты жедел штаб отырысы өтті. Оның құрамында Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстан авиакомпанияларының өкілдері бар. Отырыс барысында тоқтатылған рейстердің жолаушыларын қолдау шаралары және оларды Қазақстанға қайтару жөніндегі жоспар қаралды. Жолаушыларға жедел көмек көрсету мақсатында «Авиациялық әкімшілік» базасында тәулік бойы жұмыс істейтін колл-орталық нөмірлері іске қосылды. Туындағын сұрақтар бойынша экрандағы номерлерге хабарласуға болады. Рейстер мәртебесі бойынша да байланыс нөмірлері ұсынылған.

Бауыржан Өмірәлиев, ҚР Көлік министрлігі комитет төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы:

-Қазіргі уақытта Таяу Шығыстағы көптеген елдерде әуе кеңістігі жабық немесе тұрақсыз жағдай сақталуда. Әуе кеңістігі ашылған жағдайда отандық әуекомпаниялар өздерінің әуе кемелерін ұсынуға және қайтару рейстерін орындауға дайын екендігін мәлімдеді. Бұдан кейінгі іс-қимылдар ҚР Сыртқы Істер министрлігімен үйлестіріле отырып пысықталатын болады. 

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен барлық күштік құрылымдар тәуліктік жұмыс кестесіне көшірілген. Үкіметте Сыртқы істер министрлігі жетекшілік жасайтын арнайы мониторинг тобы жұмыс істеп жатыр.

28 ақпаннан бері Таяу Шығыстағы елдерден Қазақстанға келуі жоспарланған 30-ға жуық рейс тоқтатылды. Геосаяси ахуалдың күрт шиеленісуіне байланысты «Туристік қамқор» корпоративтік қоры мен отандық туроператорлар шұғыл іс-қимыл шараларына көшті. Ресми дерек бойынша қазір Араб Әмірлігінде 2,5 мың қазақстандық турист бар.  Олар қонақ үйлерге орналастырылған. Ал Сауд Арабиясында 200 сондай-ақ Катар елінде 1 мыңнан астам қазақстандық турист елімізге орала алмай отыр. Бейресми деректерге сәйкес қазір араб мемлекеттерінде 15 мың Қазақстан азаматы бар. Сыртқы істер министрлігі кеше Таяу Шығыс аумағындағы ел азаматтарының дипломатиялық өкілдіктерімен байланысқа шығуы керегін хабарлаған еді. Иран-Әзербайжан, Иран-Армения, Иран-Түркия және Иран-Түрікменстан арасындағы құрлық шекаралары арқылы елге қайтару мәселесі қарастырылып жатқаны айтылған.