Қарағанды облысында жаңа Конституция жобасы Брайль қарпімен кітап болып жарық көрді. Ерекше басылым облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада дайындалған. Кітап толықтай тактильді оқуға бейімделген. Бұл көзі көрмейтін немесе нашар көретін азаматтардың елдің негізгі заңымен өз бетінше танысуына мүмкіндік береді.
Владимир Высочинский кітапханада тифлопедагог болып жұмыс істейді. Ол ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін қолжетімді ортаның қаншалықты маңызды екенін жақсы біледі. Кітапханаға келген оқырмандарға Конституция жобасының Брайль қарпімен шыққан басылымын таныстырып, жаңа заң нормалары туралы түсіндіріп жүр.
Владимир Высочинский, зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың тифлопедагогі:
-Тифлоорталықта оқырмандарымызға жаңа жобамен танысуға мүмкіндік беріп, оқытамыз. Конституция жобасында көптеген жаңа нормалар қамтылған. Оқырмандарымыз мұны білгені абзал. Әр адам елдің негізгі заңын, өзінің құқығын білуі тиіс.
Кітапханада Брайль қарпімен қазақ және орыс тілінде 10 данадан кітап шығарылды. Басылым 120 беттен тұрады. Мұндай кітаптарды басып шығару үшін арнайы принтер мен нүктелі қаріпке арналған қалың қағаз қолданылады. Заманауи технологияның арқасында көру қабілеті нашар адамдар мәтінді тактильді түрде оқи алады.
Насихат Серікқызы , зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың сектор меңгерушісі:
-Арнайы кітапхана болған соң жаңа Конститутция жобасын алғашқы рет Брайль жүйесі бойынша шығарып отырмыз. Себебі мүгедек, зағип жандарға қолжетімді орта тудыру мақсатында. Бұл қоғамда барлығына бірдей тең мүмкіндік болуы тиіс.
Өңірде зағип және көру қабілеті нашар 6 мыңнан астам адам бар. 15 наурызда өтетін референдумға орай учаскелерде мүгедектігі бар адамдар үшін Брайль бұрышы, пандустар орнатылып, тактильді бағыттағыштар мен механикалық көтергіштер қойылды.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Сайлау Игіліков