Алматыда отандық ғылымның дамуына сүбелі үлес қосқан ғалым әйелдерге көрнекті физиолог, Қазақстан мен Орта Азиядағы алғашқы әйел-академик Нәйлә Базанова атындағы арнайы марапат табысталды. Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы тағайындаған төсбелгі биыл екінші рет беріліп отыр. Марапатқа жоғары ғылыми жетістіктерге жеткен, жаңалық ашқан, қолданбалы зерттеулер жүргізген 66 ғалым әйел ие болды. Айта кетейік, елімізде ғылым саласында 12 893 нәзік жанды еңбек етеді. Бұл жалпы ғылыми қызметкерлердің 56 пайызы.
Фаузия Оразбаева, Абай атындағы ҚАЗҰПУ профессор-зерттеушісі:
-Осы үлкен марапаттың тапсырылуының өзі қазақ әйелі үшін, ғалымдар үшін, жалпы ұлтымыз үшін үлкен мәртебе болып тұр. Жалпы қазақтың әйелдері ең алдымен бүкіл мейірімімен, сүйіспеншілігімен отбасынан бастап, ең үлкен мәртебелі қызметке дейін өздерінің мықты екенін, өздерінің еңбекқор екенін, одан кейін қамқор жан екенін жалпы отбасы ғана емес, біздің елімізді ұстаудағы үлкен рөлі бар екенін дәлелдеп келе жатыр.
Индира Бейішова, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетінің профессоры:
-Менің зерттеулерімнің бағыты ауыл шаруашылығы малдарының генетикасын зерттеу болып табылады. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы болсын осы биология саласында жаңа ғылыми заманауи әдістерді қолдану арқылы осы селекциялық жұмыстарды арттыру. Сол бағытта тек қана ірі қара малдардың жылқылардың ғана генетикасын зерттеп қана қоймай, сонымен қатар Қазақстанның символы ретінде киіктердің, бекіре балығының генетикасын зерттеумен айналысамын