Қала әкімдігінің мәліметінше, мұндай шешім республикалық референдумның өткізілуіне байланысты қабылданды. Яғни тұрғындар мен қала қонақтары автобус, троллейбус және метрополитен қызметін бір күн бойы ақысыз пайдаланады. Қазір мегаполисте референдумға дайындық жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Бір қалалық, сегіз аудандық комиссия жұмысын бастады. 654 референдум учаскесі бар. Соңғы мәлімет бойынша 1 млн 311 мың алматылық дауыс беру құқығына ие. Олардың әрбірі өз учаскесіне барып, тізімде бар-жоғын және аты-жөні дұрыс жазылғанын тексере алады. Ал референдум күні басқа қалада жүретін болса, есептен шығару куәлігін алуы керек.
Айгүл Қалықова, қалалық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы:
-Бұл куәлік басқа елді мекенде болатын азаматтарға өздерінің конституциялық құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ол үшін азамат учаскеге келіп, өтініш жазып, жеке басын куәландыратын құжат көрсетуі керек. Осы куәлікпен өзі тұратын қаладан басқа кез келген жердегі учаскеде дауыс бере алады. Егер адам қаладан тыс жерде болса, сенімхат берсе болады. Сенім білдірген азамат учаскеге келіп, өтініш жазып, куәлікті алады. Ал куәліктің түпнұсқасы міндетті түрде иесіне берілуі тиіс.