Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай шешім Таяу Шығыстағы әскери-саяси жағдайдың ушығуы мен Украина және Эфиопиядағы қауіпсіздік деңгейінің төмен болуына байланысты қабылданған. Жалпы референдум кезінде әлемнің 54 елінде 71 учаске жұмыс істейді. Қазақстан шиеленіс аймағы Таяу Шығыстан өз азаматтарын эвакуациялауды жалғастырып жатыр. Бүгінге дейін 8585 адам елге оралған. Алдағы күндері Израил, Қатар, БАӘ және Сауд Арабиясынан мыңнан аса отандасымызды қайтаруды жоспарлап отыр.
Ерлан Жетібаев, ҚР СІМ ресми өкілі:
- Өңірдегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері эвакуациялауды үйлестіруді жалғастырып, отандастарымызбен тұрақты байланыс орнатуда. Азаматтардан Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің және тиісті елдердегі дипломатиялық мекемелерінің ресми хабарламаларын қадағалап отыруды сұраймыз. Азаматтарымыздың қауіпсіз түрде елге оралу мәселесі мемлекет үшін басымдық болып қала береді.