Қазақстандағы республикалық референдумды 38 мемлекет пен 11 халықаралық ұйымнан келген 359 халықаралық байқаушы бақылайды. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров хабарлады. Оның айтуынша, халықаралық байқаушыларды тіркеу 9 наурыз күні кешкі сағат 18:00-де аяқталған. Олар Қазақстанға Орталық референдум комиссиясы төрағасы мен Сыртқы істер министрінің шақыруымен келеді. Жалпы шетелдік байқаушылардың қатысуы дауыс беру процесінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етудің басты кепілі болмақ.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық референдум комиссиясының төрағасы:
-Халықаралық байқаушылардың қатысуы науқанның ашықтығы мен жариялылығына, мемлекет тарапынан халықаралық міндеттемелердің сақталуына ықпал ететінін тағы да атап өткім келеді. Бұл біздің халықаралық міндеттемелерге бейімділігіміздің, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен, шет мемлекеттермен сайлау саласындағы тығыз ынтымақтастықты жалғастыруымыздың дәлелі.