Жаңа Конституция жобасы жөніндегі референдумда алғашқылардың бірі болып Қытайдағы дауыс беру учаскелері ашылды. Жергілікті уақытпен таңғы 7:00-ден бастап жұмыс істеп тұр. Қазір көрші елдің астанасы Бейжіңнен біздің меншікті тілшіміз Руслан Бақытбекұлы тікелей байланыста. Руслан бүгін Қытайда бас-аяғы қанша учаске жұмыс істейді? Жалпы дауыс беру науқаны қалай өтіп жатыр?
Қайырлы таң! Қытай елінде бүгін 4 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Олар Бейжің, Гонконг, Сиань және Шанхай қалаларында орналасқан. Учаскелер осы шаһарлардағы дипломатиялық өкілдіктердің аумағында ұйымдастырылып отыр. Біз еліміздің Бейжіңдегі елшілігінің ғимаратында ашылған №421 референдум учаскесінен ақпарат таратамыз.
Қысқаша тоқталып кетейік. Бұл жерде бірден бірнеше адам кіріп дауыс бере алатындай жағдай жасалған. Қақ ортада бюллетень жәшігі тұр. Дауыс берушілерге арналған бөлек-бөлек оқшауланып орналасқан бөлме. Сайлау комиссиясы науқан барысын мұқият бақылап отыр. Учаске жергілікті уақытпен таңғы 7:00-де ашылды. Содан бері уақыт 3 сағаттан асты. Дауыс беру қалыпты жағдайда өтіп жатыр. Бейжіңдегі бұл учаскеде 261 азамат тіркелген. Негізінен дауыс берушілер Қытайда қызмет атқарып жүрген дипломаттар, ұлттық компания өкілдері, олардың отбасы мүшелері. Сонымен қатар осы елде оқып жүрген студенттер мен іс-сапарда және туристік мақсатта жүрген Қазақстан Республикасының азаматтары.
Қазіргі уақытта 25 адам дауыс берді. Сонымен қатар Қытай Халық Республикасында Шанхай қаласындағы №458, Сиян қаласында №510, ал Гонконгта №457 учаскі ашылды. Бізге сағат сайын ақпарат келіп жатыр. Соңғы мәлімет бойынша Гонконгта 7 адам, Шанхайда 5 адам, Сиянда 9 адам дауыс берді. Жалпы алғанда Қытай аумағындағы референдум учаскілерінде дауыс беру ұйымдасқан түрде қалыпты жағдайда өтіп жатыр
Жалпы дауыс берушілер белсенді деп айтуға болады. Шетінен келіп өз таңдауын жасап жатыр. Дауыс беру Қытайда жергілікті уақытпен кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Одан кейін белгіленген тәртіппен бюллетендер елге жөнелтіледі.
Қытайдағы сайлау учаскесінен бізбен тікелей байланыста болған Руслан Бақытбекұлы.