Қызылордада 378 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр

  • 13
  • 15.03.2026, 12:05

Қызылорда облысында 378 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Өңірде 490 мыңнан астам дауыс беруші бар. Осы өңірдегі тілшіміз Нұрлан Жақыпбеков қазір тікелей байланысқа қосылды. Нұрлан, тұрғындардың белсенділігі қалай?

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

-Қайырлы күн! Қызылорда қаласында 126 референдум учаскесі бар. Біз қазір қала аумағындағы Тасбөгет кентінде №226 дауыс беру учаскесінде тұрмыз. Мұнда тұрғындар таңертеңнен лек-легімен келіп, өз таңдауын жасап жатыр. Жалпы өңірде алғаш рет дауыс беретін 2 637 жас бар. Оның ішінде 36-сы дәл бүгін 18 жасқа толды. Алғаш дауыс берушілер үшін және учаскеге бірінші болып келген жандарға комиссия естелік сыйлықтар үлестіріп жатыр. Сонымен қатар кейбір ұжымдар топ болып келіп, бюллетень алуда. Солардың бірі – Сәбира Майқанова атындағы мәдениет үйі жанынан құрылған «Бастаңғы» әжелер ансамблі болды. Батыр аналардан құрылған ансамбль мүшелерінің ең жасы алпысқа аяқ басса, үлкені сексеннің сеңгіріне шыққан. 40 жылдық тарихы бар өнер ұжымы ескі, есті әндерді нақышына келтіре орындауымен ерекшеленеді. Бұл жолы да ақ жаулықты аналардың өнеріне жұртшылық ризашылығын білдірді.

Күләш Бодықова, әжелер ансамблінің мүшесі:

-Бұл өте маңызды күн, тарихи күн. Сондықтан да мен еліміздің болашағы жас ұрпаққа бұл үлкен мәні бар, мағынасы бар үлкен деп ойлаймын. Мен осы аға буын ретінде осы жастарға үлгі болсын деп өз дауысымды бердім бүгін.

 

Айта кетейік бүгін қалада қоғамдық автобустар тегін қызмет көрсетуде. Сонымен қатар мүгедектігі бар жандарды дауыс беру учаскелеріне жеткізуге автоволонтерлер де атсалысып жатыр.