Бүгін Астана мен Алматыда қоғамдық көлік тегін қатынайды. Алматыда ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін 170 «Инватакси» де жұмыс істеп жатыр. Қаладағы референдум барысын тілшіміз Қарлығаш Қайыпбековадан сұрап білсек. Ол бізбен тікелей байланыста. Қарлығаш, дауыс беру науқаны қалай өтіп жатыр?
Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:
-Амансыздар ма?! Иә, Алматы бұрыннан еркін ойдың, шығармашылық пен жаңа идеялардың орталығы.
Мегаполисте қоғамдық пікірді қалыптастыратын орта бар. Соған орай, референдумға дайындық барысы мен талқылаулар өз деңгейінде жүргізілді. Бір қалалық, сегіз аудандық аумақтық комиссия, 653 референдум учаскесі құрылып жұмыс істеп жатыр. Референдумға қатысуға құқығы бар 1 миллион 311 мың азаматтың тізімі жасалды. Айта кетейік, мегаполисте 10 референдум учаскесінде дауыс беру сағат таңғы 6-да басталды. Ал 71 учаскеде тізімге енгізілген барлық азаматтар дауыс берген жағдайда учаскелік комиссия дауыс беруді кез келген уақытта аяқталды деп жариялауға құқылы. Бұл учаскелер әскери бөлімдерде, демалыс үйлері мен шипажайларда, емдеу мекемелерінде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында орналасқан. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар тұрғындар «Инватакси» қызметін тегін пайдаланады. Бұл қызмет түрі қоларбамен жүретін және тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтарға, сондай-ақ көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған. Осының бәрі қала тұрғындарының учаскелерге кедергісіз қатынауы үшін жасалды.
Бізбен тікелей байланыста болған Алматыдағы тілшіміз Қарлығаш Қайыпбекова.