Қазір әлемнің 30-дан астам елінде референдум учаскелері жұмыс істеп тұр. Соның бірі көрші Өзбекстанда. Ташкентте Қазақстан елшілігінің жанындағы референдум учаскесі жергілікті уақытпен 7-ден бері жұмыс істеп жатыр.
Дулат Нуркин, тілші:
Мен қазір Ташкент қаласындағы ең бір еңселі, сәулетті ғимараттың алдында тұрмын. Алыстан менмұндалаған бұл нысан Қазақстан Республикасының елшілігі. Ғимарат Абай көшесінде тұр. Дәл алдында ұлтымыздың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының ескерткіші және бар. Ташкенттегі нөмірі 431 референдум учаскесі шет мемлекеттердегі ең ірі дауыс беру орындарының бірі. Консулдық есеп бойынша Өзбекстанда тұрақты тұратын және уақытша жүрген 755 Қазақстан азаматы бар. Олар студенттер, осында уақытша жұмыс істейтін азаматтар мен демалушылар. Референдум учаскесі төрағасының айтуынша, мұнда ерекше қажеттілігі бар азаматтардың үйде таңдау жасауы үшін дауыс беру жәшіктерін жеткізетін топтар да жасақталған. Дегенмен әзірге мұндай қызметке сұраныс түспепті. Жалпы азаматтардың дауыс беру белсенділігі жоғары. Дауыс беру учаскесіне ескек есуден Қазақстан ұлттық құрамасының өкілдері де келді. Олар Ташкентте оқу жаттығу жиындарын өткізіп жатыр екен.
Дінмұхамед Шынқожаев, ескек есуден Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі:
-Дауыс беруге алғаш рет келіп жатырмын. Мен үшін тарихи күн. Көңіл күйім жақсы.
Референдум учаскесі кешкі сағат 8-де дейін жұмыс істейді. Қазірге дейін мұнда 100-ге тарта адам дауыс берген.
Дулат Нуркин