Президент: Референдум ашық әрі әділ болды

  • 11
  • 16.03.2026, 21:31

Жалпыұлттық референдум аса жоғары деңгейде, ашық әрі әділ болды. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдум барысында жүргізілген Exit pool қорытындысымен танысқаннан кейін мәлімдеді.

Президенттің пікірінше, барлық заң талаптары мен демократиялық нормалар қатаң сақталды. Мұны еліміздің және шетелдің байқаушылары да растады. «Азаматтар жасаған таңдаудың түпкілікті қорытындысын заңға сәйкес, Орталық референдум комиссиясы ресми тәртіппен шығарады. Бірақ қазірдің өзінде Қазақстан халқы ынтымақ пен бірліктің, патриотизмнің, Отан тағдырына ортақ жауапкершіліктің керемет үлгісін көрсетті деп айта аламыз. Азаматтарымыздың басым бөлігі Өркендеу, Әділет, Заң мен Тәртіп, Табиғатты аялау және Тазалық жолын таңдады. Бұл өте жақсы жол», - деді Президент. Сондай-ақ Мемлекет басшысы дауыс берушілер саны бойынша ең жоғары рекордтық көрсеткіш тіркелгенін және мұндай жағдай көптен бері болмағанын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан халқы қолдаған, жаппай дауыс берген Конституция – еліміздің темірқазығы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жаңа Конституция – Тәуелсіздік пен Егемендік тірегі. Ата заңымыз – адам құқығы мен бостандығының мызғымас кепілі. Біз бір ел болып Заң мен тәртіп сақталатын, жауапты және жасампаз азаматтары бар Әділетті қоғам құру жолында маңызды қадам жасадық. Осылайша ұлт тарихының жаңа парағын аштық. Алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Ең бастысы, халқымыз түбегейлі өзгерістерді барынша қолдайды. 

Енді 15 наурыз Конституция күні ретінде атап өтіледі. Бұл туралы Мемлекет басшысы республикалық референдум аясындағы үгіт-насихат науқанына белсенді қатысқан жастармен кездесу барысында айтты. Және бұл күннің тарихи күн екенін атап өтіп, жастарға ризашылығын білдірді. «Мен басқа да мемлекеттердің конституцияларымен танысып шықтым. Біздің Конституциямыз ең үздік Ата заңдардың қатарында тұрады деп сеніммен айта аламын», - деді Президент. Сонымен қатар жаңа Конституция ең алдымен жастарға арналғанына назар аударды. Ата заңға волонтерлік қызмет, ғылым, инновация, жасанды интеллект сияқты ұғымдар енгізілгеніне тоқталды. «Алдымызда жұмыс көп. Енді жазда Парламент сайлауы өтеді. Оны бір ел болып атқаруымыз керек. Бұл жастардың парламенті болуы қажет деп ойлаймын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Кездесуде жастар өкілдері бір ай ішінде түрлі форматта 5 мыңға жуық кездесу өткізіп, оған 1,5 миллионнан аса азамат қатысқанын жеткізді. Сондай-ақ елімізде қолға алынған өзгерістердің барлығын қолдайтынын айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгін үлкен тарихи күн. Шын мәнінде, біздің тарихымызда мәңгі болып қалатын күн. Енді 15 наурыз күні Конституция күні болады.