ЕАЭО-да жүк тасымалын үйлестіру үшін ЖИ енгізілуі мүмкін

  • 7
  • 27.03.2026, 21:49

Еуразиялық Экономикалық Одақ аумағындағы жүк тасымалын үйлестіру үшін жасанды интеллект көмегіне жүгінген абзал. Премьер-министр Шымкентте өткен үкіметаралық кеңесте интеграцияланған платформа құруды ұсынды. Жалпы еліміздің Еуразиялық Экономикалық Одаққа төрағалық ету кезеңіндегі басымдықтары белгіленген. Жиында Олжас Бектенов осыған қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған үндеуін жеткізді. Әлемдегі күрделі геосаяси ахуалға қарамастан, бірлестік мақсат-міндеттерін бұлжытпай орындап келеді. Оның бірі – Одаққа мүше мемлекеттердің тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз ету. Сонымен қатар экономикаларға технологиялық серпін беру, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

-2026 жылғы 1 қаңтардан бері Қазақстан Республикасы Еуразиялық экономикалық одақ органдарында төрағалық етеді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мүше мемлекеттердің атына Қазақстан төрағалығының негізгі басымдықтары көрсетілген үндеу жолдады. Қазақстан өзінің алдына толыққанды цифрлық ел болу жөнінде стратегиялық міндет қойып отыр. Осы мақсатта Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық IT-стартаптар технопаркі саналатын Astana Hub компаниясының негізінде заманауи экожүйе қалыптастырды. Білім беру, ғылыми зерттеу және инновациялық жобаларды қолдау бастамасы біріктіретін Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды.