Былтыр Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен өзара сауда көлемі 12,9 миллиард долларға жетті. Енді сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастар одан әрі тереңдей түспек. Қазақстан Әзірбайжанмен өнеркәсіп, көлік-транзит және цифрландыру секілді бірқатар салада да әріптестікті нығайтуға күш салып жатыр. Премьер-министр Олжас Бектенов Әзербайжан Президентімен өткен кездесуде осылай деді. Ол Бакуға жұмыс сапарында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер үкіметтері басшыларының кездесуіне қатысты. Сондай-ақ делегация басшыларымен Ильхам Әлиевтің ұжымдық қабылдауында болды. Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер үкіметтері басшыларының екінші кездесуінде тараптар өңірлік және жаһандық сын-қатер жағдайындағы өзара іс-қимылдан бастап, көлік инфрақұрылымы секілді бірқатар бағыттарды дамытуды талқылады. Кездесу нәтижесінде қатысушылар Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Енді Әзербайжанның Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы төрағалығын ілгерілетуге және басым бағыттар бойынша ынтымақтастықты өркендететін жұмыстарға қолдау көрсетіледі.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, бүгінде жаһан жұрты бізді зор сын-қатерлерге төтеп бере алатын, беделі мықты, ынтымағы жарасқан мемлекеттер ретінде таниды. Біз жақын арада цифрлық экономика саласындағы әріптестік туралы келісімді ратификациялауды аяқтаймыз. Аталған құжат өзара сауда айналымының артуына оң ықпал етіп, бизнес пен тұтынушылар үшін заманауи, ашық әрі қолайлы цифрлық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді деп сенемін. Сонымен бірге бизнеске қолдау көрсетудің нақты қадамы ретінде Түркістан қаласында Тұран арнайы экономикалық аймағын құрдық. Бүгінгі сәтті пайдалана отырып, осы аймақта бірлескен жаңа өнеркәсіп орындарын құруға және технологиялық кластерлерді дамытуға дайын екенімізді айтқым келеді.