ҚР Әскери-теңіз күштеріне 33 жыл толды

  • 12
  • 02.04.2026, 21:31

Еліміздің әскери-теңіз күштеріне 33 жыл толды. Жуырда теңіз жаяу әскері озық үлгідегі оқу кабинетімен жарақтанды. Оқудан кейін дрон басқару шеберлігін арнайы полигонда шыңдайды. Мұндағы әр жаттығу ұрысқа мейлінше жақын жағдайда өткізіледі. Ақтаудағы әскери гарнизонда ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппаратының сан алуан түрі бар. Кейбірі алақанға еркін сыйса, енді бірі шағын жүктерді көтеріп қалықтауға қауқарлы. Ереже бойынша теңіз жаяу әскері алдымен симуляторда жаттығады. Бөлшектеп-құрастыруын білген соң дронды басқару дағдыларын меңгеруге кіріседі. Мәселен, «Инелік» деп аталатын ұшу аппаратының пішіні шағын, салмағы жеңіл. Барлау жүргізуге қолайлы. Ал ірі дрондар күшті зумы бар цифрлық камерамен жабдықталған. Олар ұрыс кезінде биіктен анық кадрларды барынша көрсете алады. 

Әсет Жақсығалиев, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппаратының аға операторы:

-Дрондарды шашып және жинауды және ұшыруды үйренуге арнайы уақыт бөлеміз. Ең қиын болған сәттердің бірі дронды ұшыру үшін сезімтал болу қажет. Өйткені дрон адамға бағынбайды деп айтсақ та болады. Жүйелі түрде дайындығымыз мықты болуы қажет.

Жалпы тәуелсіздік жылдары Қазақстанның әскери теңіз күштерінің қару-жарағы мен техникасы тұрақты түрде жаңартылып келеді. Қазір әртекті кемелер дивизионында «Сарыарқа», «Маңғыстау» сияқты зымыранды-артиллериялық кемелер, күзет қайықтары мен жауынгерлік катерлер, сондай-ақ гидрографиялық су көліктері бар. Ал офицерлер құрамы Германия, Қытай, Ресей, АҚШ және Түркияда жоғары білім алған. Бұған қоса Ақтауда әскери кафедраны бітірген теңізшілер жыл сайын халықаралық жиындарға қатысып, тәжірибесін жетілдіреді.