Таяу Шығыстағы тарлықта тартынып қалмай, отандастардың елге аман оралуына себепкер болған бір топ адам марапатталды. Мемлекеттік наградаларды Президент атынан Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр табыс етті. Ол «көк паспорт иелерін тағдыр тәлкегінде қалдырмаймыз» деген Мемлекет басшысының сөзін еске салды. Анығында солай. Алаңсыз сапарда жүргендер аяқ асты аласапыранға тап болғанда 66 рейс жасалып, 10 мың 275 жолаушы эвакуацияланды. Бұған қызыға да, қызғана да қараған шетелдік туристердің таңданысы әлеуметтік желілерге кеңінен тараған. Сонымен азаматтарды құтқаруға әуе компанияның түрлі бағыттағы қызметкерлері жұмылдырылды. Төтенше жағдайлар мамандары мен туристік компания өкілдері атсалысты. Мемлекеттік қызметкерлер де қалыс қалмады. Ұзын саны 31 адам марапатталып, олардың кеудесіне құрмет ордені мен ерен еңбегі және шапағат медальдары тағылды. Президент атынан алғыс хатқа ие болғадар да бар.
Талғат Ахметов, Әуе компаниясы департаментінің директоры:
- Біздің департамент тәуекелдерді бағалап, қауіпсіз бағыттарға талдау жүргізді. Ұшу ұзақтығы, әуе айлағын таңдап, оқыс оқиғалар туындай қалса қалай әрекет етеміз деген нұсқаларды пысықтадық. Негізі біз бұны ерекше жағдай ретінде емес әдеткі жұмысымыз ретінде көрдік. Әйтсе де, ұжым болып ұйысып, бәрін жоспардағыдай орындадық.
Мирас Темірбеков, Әуе кемесінің командирі:
- 6 наурызда Алматыдан Оманға рейс орындадық. Жолаушыларды алып қайтуға, кешке ұштық, жол ұзақтығы 4,5 сағаттай болды. 2 сағат жолаушыларды күтіп, орналастырып, кері қарай 3,5 сағат ұштық. Толық алған кезде 8 сағаттай алды бұл рейс. Мүмкін өзіміздің компаниядан грамота болатын шығар деп ойладық. Бірақ бұндай шара болады деп ойламадық шыны керек. Бізге кеше ғана айтты. Сондықтан бәрін тастап, рейстарды ауыстырып, осыған ұшып келетін болдық.