«AMANAT» партиясы кәсіпкерлер қанатын құрды

  • 11
  • 09.04.2026, 21:51

Саяси трансформация. Еліміздегі ең ірі саяси ұйым «AMANAT» партиясының енді кәсіпкерлер қанаты бар. Бұл туралы партия төрағасы Ерлан Қошанов Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысында мәлімдеді. Мәжіліс спикері бизнеспен қоян-қолтық жұмыс істеп келген саяси құрылым мол тәжірибе жинақтағанын атап өтті. Айтуынша, бизнестің мүддесін қорғау және кәсіпкерлермен тұрақты диалог ісінде партия жанындағы Үйлестіру кеңесі тиімді алаңға айналған. Енді «AMANAT» кәсіпкерлер қанаты әкімшілік кедергілерді азайту, заңнаманы жетілдіру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде күшейтетін болады. 

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «AMANAT» партиясының төрағасы:

-Партияның тәжірибесі, әлеуеті және жұмыс істеуге деген ұмтылысы бар. Біз әрдайым Президент саясатының алдыңғы шебіндеміз. Ел тарихындағы маңызды кезеңдерде саяси институттардың басын біріктіріп келеміз. Белсенді азаматтарға арналған жұмыс алаңдарымыз бар. Жастар қанаты мен әйелдер қанаты жұмыс істейді. Олар ел аумағында ондаған мың адамды біріктіреді. Бұл партиямыздың өзегін құрайтын электорат. Бизнес те партияны өз серіктесі ретінде көруі керек. Сондықтан партияның жеке Кәсіпкерлер қанатын құруды ұсынамын.