Биыл еліміздің орман алқаптарында қырыққа жуық өрт тіркелген. Бұл туралы Абай облысында өткен Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысында айтылды. Жиынға Премьер-министр Олжас Бектенов қатысты. Үкімет басшысы жұмыс сапары аясында өңірдің туристік әлеуетін дамыту жобаларымен де танысты. Биыл бұл мақсатқа 10 млрд теңге бөлінген.
Еліміздің далалы жерлерінде күн сайын өрт ошақтары тіркеледі. Осындай қызыл жалын кейде орман қорына ауысады. Жыл басынан бері 794 гектар жасыл желекті от шарпыған. Жалпы қырыққа жуық факт орын алыпты. Жауаптылардың есебін тыңдаған Үкімет басшысы қырағы болуды тапсырды. Дайындық мәселелерін 20 сәуірге дейін шешу қажет деді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Өрт қаупі бар кезең болса енді ғана басталып жатыр. Биыл жаз мезгілі ыстық болады деп күтілуде. Бұл өрт қауіпін арттыра түседі. Ол түсінікті. Барлық қызметтер жедел әрекет етуге дайын болуы керек. Сондықтан табиғатты қорғау, ормана мекемелері мен өрт сөндіру бөлімшелерін қазірден бастап жоғары дайындыққа келтіру қажет. Әкімдіктер елді мекендерде ерікті өртке қарсы құрылымдарды ұйымдастыру жұмыстарын жалғастырсын. Сондай-ақ өңірлерде әуе кемелерін тарту үшін жанар-жағармай материалдарының қажетті қорларын қамтамасыз еткен жөн.
Соңғы жылдары орман және табиғатты қорғау мекемелерін техникалық жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар тілсіз жауды ерте анықтау жүйелері енгізілуде. Осы тапсырманың орындалуын тексеру үшін Олжас Бектенов «Семей орманы» резерватына барды. Мекеме ЖИ негізінде жұмыс істейтін жүйеге көшуде. Аталған технология өрт ошақтарын алыс қашықтықтан және кез келген ауа райы жағдайында анықтауға мүмкіндік береді.
Нұрлан Құрмалаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:
- Жүйе 37 кешеннен тұрады. Оның әрқайсысында антенналық діңгек, камералар, автономды жұмыс үшін қуат модулі тағы басқа құрылғылар бар. Жүйе өртті бастапқы кезеңде анықтап басқару орталығына сигнал жібереді. Осыған ұқсас шешімдер Қазақстанның барлық аумағында, әсіресе өрт қаупі жоғары өңірлерге енгізілуде.
Мамандар оқу-жаттығу өткізіп жүйенің тиімділігін және өрт сөндіру қызметінің өзара әрекеттесу алгоритмін көрсетті. «Семей орманы» мекемесінің техникалық паркі соңғы екі жылда 100% жаңартылыпты. Мәселен, тек өткен жылдың өзінде 39 өрт сөндіру машинасы, 26 шағын өрт сөндіру кешені және 10 трактор сатып алынған.
Қазбек Әметов, «Семей орманы» РММ-нің бас директоры:
- Бүгінгі түнде нормамен қарағанда өрт сөндіретін 70 көлік керек болса Семей орманынының балансында 82 және 40 кешенді көліктері бар. Одан бөлек 70 соқаларымен тракторлары бар.
Алакөлді дамытуға 10 млрд теңге бөлінді
Премьер-министр Абай облысына жұмыс сапары аясында өңірдің туристік әлеуетін дамыту барысымен де танысты. Алакөл жағалауын дамытудың кешенді жоспары жасалған. Оны іске асыру үшін биыл 10 млрд теңге бөлінген. Жалпы облыста 2029 жылға дейін 49 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Сондай-ақ Семей қаласында Әкімшілік іскерлік орталық салу көзделуде. Оның ауданы 1 мың гектардан асады. Жоспар бойынша 75 мың адамға арналған тұрғын үй кешендерін, 17 мектеп пен балабақша, 40-тан астам әлеуметтік, коммерциялық және әкімшілік нысандар салу қарастырылған.
Индустриялық және әлеуметтік нысандар таныстырылды
Олжас Бектенов сонымен қатар Семей қаласындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындары мен тігін өндірісі нысанын аралап көрді. Сапар барысында әлеуметтік инфрақұрылымға да ерекше назар аударылды. Премьер-министр Семейдегі құрылысы аяқталған Оқушылар сарайының дайындығын тексерді. Нысан қайтарылған активтер есебінен салынған. Күніне 2 мыңға жуық келушіні қабылдай алады.
Ердәулет Ыбырайұлы