Жаңа Ата Заңда қандай жаңашылдық бар?

  • 6
  • 05.05.2026, 19:47

Енді Президент заңдарға қол қойып қана қоймай, оларды қайта қарау үшін Құрылтайға кері қайтара алады. Бұл норма «Қазақстан Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заң жобасына енген. Жаңа Ата Заңда тағы қандай жаңашылдық бар? Құрылтайдың құзыретіне не кіреді?

Парламент қабырғасында жұмыс қыз-қыз қайнауда. Мемлекет басшысы сайлауды жаңа сессияның ашылуына дейін өткізу жоспарланып отырғанын айтқан еді. Жаңа Конституция 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енеді. Соған дейін тиісті заңнамалық база толықтай әзірленіп бітуі тиіс. Бүгінде 4 Конституциялық заң Парламентке енгізілді. Депутаттар Президент, Құрылтай, Астананың мәртебесі және әкімшілік-аумақтық құрылым туралы құжаттың бүге-шігесіне дейін пысықтап жатыр. Жаңа Парламент енді Құрылтай деп аталады.

Ерболат Саурықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 145 депутаттан тұратын 3 спикердің орынбасары болады. Одан бөлек қазір Мәжілісте 7 комитет болатын болса, енді 8 комитет жұмыс істейді. 8-ші комитет қай комитет болатыны әзірге белгісіз, естіп жатқанымыз 8-шісі жасанды интеллект немесе цифрлық комитет болуы мүмкін.

Құрылтай қабылдаған заң 10 күн ішінде Президенттің қол қоюына ұсынылуы тиіс. Мемлекет басшысы бір ай ішінде заңға қол қойып, жариялайды. Немесе заңға қатысты ескертпелер болса, құжатты немесе оның жекелеген баптарын қайта талқылауға және дауыс беруге кері қайтара алады. Қазір Президент туралы заң бойынша жұмыс топтары жұмыс істеуде. Астана қаласының мәртебесі мен еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы заң жобалары енді Конституциялық заң мәртебесіне өткізіліп жатыр.

Ерболат Саурықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мамыр айының 8-і, 15-і және 21-22-лерінде қос палатаның отырысы өтеді деген жоспар бар. Заң жобасы келе сап қабылдай салатын мәселе емес, депутаттардың арасында оған байланысты жұмыс топтары құрылды. Сенат пен Мәжілістің бірлескен жұмыс топтары жұмыс жасайтын болады. Мүмкін депутаттар тарапынан қосымша өзгерістер болуы мүмкін.

Енді бірер күнде «Халық кеңесі» туралы заң да Парламентке енгізіледі. Негізгі кодекстерді қоса алғанда, қосымша сегіз Конституциялық заң мен 60-тан астам заңды кешенді түрде қайта қаралады. Заң шығару үдерісі алдағы Парламент сайлауымен қатар жүреді.

Құралай Жұмахан, Бауыржан Ебелеков