Мәулен Әшімбаев бастаған Қазақстан Парламенті делегациясы ресми сапармен Ресей Федерациясына барып, бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Сенат Төрағасы Федерация Кеңесінің басшысы Валентина Матвиенкомен және Мемлекеттік Дума төрағасы Вячеслав Володинмен келіссөздер жүргізді. Тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастықты одан әрі нығайту, парламентаралық байланысты дамыту және құқықтық ынтымақтастықты жетілдіру мәселелерін талқылады. Кездесу барысында өзара сенім мен саяси диалогтың жоғары деңгейі атап өтілді.
Валентина Матвиенко Мәулен Әшімбаевты парламентаралық диалогты дамытуға және екіжақты қатынастарды нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Сондай-ақ сапар аясында делегация Кремльдегі «Белгісіз жауынгер бейітіне» гүл шоқтарын қойды. Қазақстан тарапы реформалардың мәні мен елдің саяси жаңғыру бағытын да таныстырды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Бүгінде Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас екі ел Президенттері – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Владимир Владимирович Путин арасындағы достық пен сенімге негізделген байланыстың арқасында жаңа сапаға көтеріліп, тың серпін алды. Осы ретте былтыр қараша айында Қазақстан Президентінің Ресейге жасаған мемлекеттік сапарының нәтижелі болғанын ерекше атап өткім келеді. Сол кезде Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастарды жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық деңгейіне көтеру туралы декларацияға қол қойылуы сапардың негізгі нәтижесі болғаны анық.
Валентина Матвиенко, Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрағасы:
- Біз Қазақстандағы ауқымды жаңғыртуларды назарда ұстап келеміз. Қазақстан Президенті жүргізіп отырған реформалар құрметке лайық. Саяси және экономикалық реформалар өте кәсіби, демократиялық әрі байыпты түрде, ең бастысы, халықпен диалог негізінде жүзеге асырылуда. Жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдумның нәтижесі Қазақстан халқы Президенттің бағдарын қолдайтынын айқын көрсетті. Сонымен қатар Қазақстанның парламенттік жүйесін ауқымды өзгерістер күтіп тұрғанын да білеміз.