Ресей президенті Қазақстан туралы не жазды?

  • 6
  • 27.05.2026, 19:40

Ресей және Қазақстан. Еуразия жүрегіндегі Одақ. Қазақстанға мемлекеттік сапары қарсаңында «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде осындай тақырыппен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің авторлық мақаласы жарияланды. Онда екіжақты ынтымақтастықты дамытудың негізгі бағыттары кеңінен баяндалған.

Автор Мәскеу мен Астана арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды нығайтуға ерекше назар аударған. Әлбетте сауда-экономикалық ынтымақтастық, бірлескен инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар мен білім, мәдениет және ғылым салаларындағы гуманитарлық байланыстар да қамтылған. Ресей басшысы қазіргі сан-қырлы стратегиялық серіктестік және одақтастық байланыстарға тату көршілік, ортақ тарих пен тағдыр арқау екенін атап өтті. Әлбетте алдағы сапардың ең маңызды бағыттарының біріне келсек:

Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:

«Әрине, біз экономика саласына айрықша көңіл бөлеміз. Себебі Ресей мен Қазақстан – ірі сауда серіктестері. Елдеріміз бірнеше жыл қатарынан экспорт пен импорт көлемінің жоғары деңгейін тұрақты сақтап келеді. Алыс-берістің басым бөлігін ұлттық валюта арқылы жүзеге асырып жатырмыз. Ресейдің Қазақстан экономикасына салған капиталының жалпы көлемі шамамен 30 миллиард доллар. Ал Қазақстандағы шетелдік капиталы бар заңды тұлғалардың 40 пайыздан астамы ресейлік серіктестермен бірлесіп құрылған компаниялар. Республикада Ресей инвесторларының қатысуымен 70-ке жуық ірі жоба іске асырылып жатыр. Соның ішінде автокөлік құрастыру, ауыр машина жасау, химия өнеркәсібі және басқа да технологиялық салаларға қатысты тың жобалар бар. Соның арқасында қазірдің өзінде 60 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды».

Екі ел арасындағы сауда айналымы былтыр 27,5 млрд долларға жуықтады. Қазақстанда Ресей капиталының қатысуымен 21 мың кәсіпорын жұмыс істейді. Көрші ел біздің экономикамызға 29 млрд доллардың инвестициясын құйса, бізден Ресейге салынған инвестиция 9 млрд долларға жетті. Сондай-ақ жалпы құны 52 млрд долларды құрайтын 177 инвестициялық бірлескен жобалардың пулы жасақталған. 

Екі жақты ынтымақтастық тек экономикалық көрсеткіштермен көмкерілмейді. Ол тіпті саяси сенімге де негізделеді. Ресей басшысы Қазақстанға деген айрықша құрметін атай келе, елде жүріп жатқан ауқымды өзгерістерді оң бағалады.

Азамат Байғалиев «Қоғамдық даму» институты басқарма төрағасының орынбасары:

-Мақала елдеріміз арасындағы қарым-қатынастардың даму векторын айқын көрсеткен. Мәселен, Қазақстанның жаңа Конституция қабылдауы, ішкі саяси өзгерістері мен реформаларын, сыртқы саясаттағы әлем санасатын, мықты мемлекет құруға жасалып жатқан қадамдарын толық құптайды. Яғни бұдан аңдайтынымыз Ресей Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуіне мүдделі. Себебі ол екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге, екі елге де тиімді экономикалық байланыстарды баянды дамытуға негіз болады.

Қазақстанға деген айрықша құрметтің сыры неде десек, ол бірінші кезекте Қазақстанның өзінде. Өзіңді сыйласаң өзге де сені сыйлайды қағидасы. Яғни біздің еліміз:

Әйгерім Бахтиярова, халықаралық қатынастар сарапшысы:

-Халықаралық  серіктестігін нығайта білді. Орта дәліздің дамуы, оңтүстік Кавказ елдерімен қарым-қатынастың нығаюы, Түркі интеграциясының нығаюы деген сияқты бірқатар мәселелер жаңағы Қазақстанның халықаралық беделін жақсы-жағынан көтеріп келе жатыр деп айтсақ болады. Путин өзінің жарық көрген мақаласында біз Қазақстанның теңгерімді саясатын толыққанды қолдаймыз деген сияқты ең негізгі ойды атап айтты.

Екі ел арасында ғарыш саласын игеру, энергетика, көлік логистика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы жалпы қандай сала болмасын барлық бағытта байланыстар берік орнаған. Ғылым-білім саласына тоқтала кетсек, былтыр 60 мыңнан астам Қазақстан азаматы Ресейде оқыса, 2,5 мыңдай студент біздің елден білім алып жатыр. Екі ел университеттерінің байланысы 2 мыңдай шартпен бекіген. Жалпы алғанда бұл сапардың нәтижелері ынтымақтастыққа серпін беруі тиіс. Және ең бастысы ол саяси ұрандар емес, практикалық нәтижелерді көздейді.

Берік Дүйсенбай