Үкімет басшысы Олжас Бектенов Қытайдың Гонконг ауданы әкімшілігінің басшысы Джон Лимен кездесу өткізді. Негізінен сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, көліктік-логистикалық бағыттарды дамыту, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, цифрландыру, білім беру және туризм саласындағы бірлескен жобалар қаралды. Бүгінде Қытаймен арадағы сауда айналымы артып келеді. Өткен жылы оның көлемі 48,7 миллиард долларға жетсе, Қазақстан мен Гонконгтың тауар айналымы 40%-ға өскен.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-Қытаймен өзара тиімді қарым-қатынасты дамыту – Қазақстанның сыртқы саясатының басты басымдықтарының бірі. Бүгінде қазақ-қытай әріптестігі бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті және тату көршіліктің, өзара сенім және ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың үлгісін көрсетіп отыр.
Джон Ли, ҚХР Гонконг АӘА әкімшілігінің басшысы:
- Біз сіздің Президентіңіздің басшылығымен қысқа уақыт ішінде қол жеткізген әсерлі, тұрақты экономикалық өсуді көріп отырмыз. Қазақстан үлкен мүмкіндіктерге, ал Қытаймен қарым-қатынас стратегиялық және ұзақ мерзімді сипатқа ие. Осы сапардың қорытындысы одан арғы ынтымақтастықтың елеулі әлеуетіне және «хабтан хабқа» әріптестік моделін дамытудың қолайлы перспективаларына деген сенімімізді одан әрі нығайтты.